Қарағанды облысында 21 жастағы қостанайлық ер адам ұсталып, тергеуге алынды
Жарияланған күні:

Қарағанды облысында жол бойындағы дәмханадан ұрлық жасады деген күдікпен Қостанай қаласының 21 жастағы тұрғыны ұсталды. Тергеу мәліметінше, жас жігіт есікті бұзып, ақша мен ішімдік ұрлаған, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның ақпараттық медиа-порталында жарияланған мәліметке сәйкес, полиция қызметкерлері Қызылорда – Павлодар тасжолының бойында орналасқан дәмханада ұрлық жасады деген күдікпен Қостанай қаласының 21 жастағы тұрғынын ұстады.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті мекеменің есігін бұзып кіріп, алкогольдік өнімдер мен ақша ұрлаған. 55 жастағы жәбірленушінің айтуынша, келтірілген шығын көлемі 32 мың теңге болған.
Ұсталған азамат кінәсін мойындап, айғақ заттар тәркіленді.
"Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы барын немесе жоқтығын анықтауда", - деді полиция.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысы полиция қызметкерлерінің көлігінде оқу гранатасы мен тапаншасы болған 22 жастағы тұрғынды ұстағанын хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2192571-qaragandy-oblysynda-21-zhastagy-qostanailyq-er-adam-ustalyp-tergeuge-alyndy/