Оқыс оқиға

Зектілері

Ақмола облысында бірнеше адам 2021 жылғы су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаржыны жымқырды деп күдікке ілінді

Жарияланған күні:

Бума ақша
Бума ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақмола облысының арнайы прокурорлары 300 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, "Престиж Строй 7" және "Фундаменталь" ЖШС-нің басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық прокуратураға сілтеме жасап хабарлайды.

Қадағалаушы органның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, бұл қаражат 2021 жылы үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін екі 100 пәтерлі үйлерді салуға бөлінген.

"Күдіктілердің әрекеттері аса ірі көлемде жымқыру – талан-таражға салу, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі бойынша сараланды.

Екі күдікті сот санкциясымен күзетпен ұстауға, қылмысқа үшінші серіктес үйқамаққа алынды", - делінген прокуратура хабарламасында.

Прокурорлардың мәлімдеуінше, тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүлік – Алматы, Астана қалаларында коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс құрылғылар және банктық шоттарда 50 млн теңгеден астам ақшалай қаражат табылған. Тыйым салынған мүліктің бағаланған құндылығы 335 млн теңгеден асқан.

Прокурорлар аталған мүліктің бір бөлігі жалға беріліп, қылмыстық пайда түсірілгенін анықтады.

"Сол себепті, бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бұл үшін мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазіргі уақытта қылмыстық процесске қатысушылар  қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.

Соңғы нүктені іс бойынша сот қояды", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2192972-2021-zhyly-bolgan-su-tasqynyna-qarsy-sharalarga-bolingen-qarazhatty-urlagan-qaraqshylar-qylmystyq-zhauapkershilikke-tartyldy/