Қарағандыда сотталушыны азаптаған режим бөлімі бастығының орынбасары сотталды
Жарияланған күні:

Қарағандыда Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотЫ Қарағанды облысы мен Ұлытау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің режим жөніндегі бөлімі бастығының орынбасарына сотталған адамды азаптағаны үшін үкім шығарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қазақстан Бас прокуратурасының хабарламасына сәйкес, қызметкер Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды.
"Сондай-ақ оған үш жыл бойы мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқаруға тыйым салынды. Сотталған "әділет майоры" арнайы шенінен айырылды және одан Жәбірленушілердің өтемақы қорына тиісті төлемдер өндіріледі", – делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеуді облыс прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігіне сәйкес, азап көрсеткен сотталушы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2193327-qaragandyda-sottalushyny-azaptagan-rezhim-bolimi-bastygynyng-orynbasary-sottaldy/