Қазақстанда адам саудасына қатысты 44 қылмыс тіркелген (видео)
Опубликовано:

Қараша айының соңында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері елімізде "STOP-трафик" жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп, оның нәтижесінде адам саудасына байланысты 44 қылмыс анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлады.
Ведомство мәліметінше, адам саудасына байланысты ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 2 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталған.
"Атап айтқанда, Астанада жүйелі түрде қылмыс жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылып, 5 күдікті адам қамауға алынды.
Сондай-ақ Павлодар облысында осындай ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, 5 қылмысқа қатысушы қылмыстық жауапкершілікке тартылуда", - делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, еңбекті қанау фактілерін анықтау бойынша да жұмыстар жүргізілген. Абай облысында 3 жыл бойы 40 жастағы ер адамға физикалық зорлық-зомбылық көрсетіп, еңбек етуге мәжбүрлеген шаруа қожалығының иесі ұсталған. Жәбірленушіге медициналық және психологиялық көмек көрсетілген.
Сонымен қатар Қонаев қаласында казинолардың бірінде жүйелі негізде сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсету фактілері анықталған. Полицияға 14 адам, оның ішінде осы мекеменің қызметкерлері жеткізілген.
Полицейлер осындай қылмыстардың Қазақстан аумағында жиі тіркеліп жатқанын атап өтіп, мұндай алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілетінін мәлімдеді.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2194292-qazaqstanda-adam-saudasyna-qatysty-44-qylmys-tirkelgen-video/