Оқыс оқиға

Зектілері

1,1 млрд теңге бюджет қаражатын жымқыру: Астана мен Шымкентте қылмыстық жолмен алынған пәтерлер мен үйлер тәркіленді

Жарияланған күні:

Бума ақша
Бума ақша. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Шымкент пен Астанада қылмыстық жолмен алынған 358 млн теңгеден астам сомаға қаржыға сатып алынған жылжымайтын мүлік мемлекет пайдасына тәркіленді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚМА-ға сілтеме жасап хабарлайды.

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті өңірдің лауазымды тұлғаларына және "Қуатжылуорталық-3" МКК-ға қатысты сметалық құнын арттыру, сондай-ақ нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу арқылы қаладағы жылу желілері мен электр беру желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізуге бөлінген 1,1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Сонымен қатар күдіктілер лауазымды адамдар ұрланған қаражатты жылыстату үшін "қолма-қол ақша жасаушылар" тобын тартты. Олар 7 пайыз мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін бөгде тұлғаларға ресімделген 24 күмәнді кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызмет көрсету жөніндегі мәмілелер туралы жалған құжаттар (шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыс актілері, шарттар) ұсынғаны белгілі болды.

"Параллельді қаржылық тергеу шеңберінде қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүліктер, атап айтқанда, Шымкент және Астана қалаларындағы 2 пәтер, 1 тұрақ орны, Шымкент қаласындағы 3 жеке үй және банк шоттарындағы тыйым салынған 50 миллион теңге анықталып, тәркілеу мақсатында сот санкциясымен тыйым салынды.

Сот үкімімен барлық жеті айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды", - делінген агенттік хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2195358-qma-qylmystyq-zholmen-alyngan-358-million-tenggeden-astam-qarazhatqa-satyp-alyngan-zhylzhymaityn-mulikti-memleket-kirisine-tarkiledi/