Астанада такси жүргізушілерін бірнеше мәрте алдаған адамның үстінен іс қозғалды
Жарияланған күні:

Астана қаласының бір тұрғыны такси жүргізушілерін азық-түлік жеткізіп беруді, телефонға ақша салуды сұрап, ақысын келген уақытта төлеймін деп алдаған. Бірақ такси жеткен кезде телефонын сөндіріп тастап отырған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Астана полициясына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Астана қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұра аудандық полициясының қызметкерлері күдікті 31 жастағы қала тұрғыны екенін анықтады. Қарапайым ғана осы әдіс арқылы ер азамат қаладағы жеті такси жүргізушісін алдап үлгерген.
Полиция қызметкерлерінің дерегінше, күдікті такси қызметін ұсынатын мобильді қосымшаның көмегімен такси жүргізушілерге өтініш айтып, азық-түлік жеткізіп беруді, телефонына ақша салуды сұраған. Алайда тапсырыс берілген жерге жеткен уақытта ешкім такси шақыртпаған болып шығады, ал өтініш жасаған адамның телефоны өшіп тұрады.
Таксишілер алаяқтық әрекет салдарынан 10 мыңнан 30 мың теңгеге дейін зардап шегіп отырған. Осы уақытқа дейін күдікті шамамен 150 мың теңге ақша жымқырған.
Жеті түрлі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары мен басқа да жәбірленушілерді анықтау жұмыстары жүріп жатыр.
Астана қалалық полиция департаменті азаматтарға сақ болуға, алаяқтардың түрлі қулық әрекеттеріне сеніп қалмауға кеңес береді.
Биыл жазда астаналық екі зейнеткердің жалпы сомасы 130 млн теңгесін алаяқтар иемденіп кеткенін жазғанбыз.
Осының алдында Астана полициясы тұрғындарға жалған аккаунт ашып, өздерін мемлекеттік мекеме басшыларымыз деп таныстыратын алаяқтар пайда болғанын ескерткен. Олардан келген шығын қазірдің өзінде 2 миллиард теңгеден асқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2195678-astanada-taksi-zhurgizushilerin-birneshe-marte-aldagan-adamnyng-ustinen-is-qozgaldy/