jitsu gif
Оқыс оқиға

    "Есепші өзіне 3 млн 585 мың теңге жалақыны заңсыз аударған": ақтөбелік аудиторлар білім бөліміне тексеріс жүргізді

    Ақша мен калькулятор
    Ақша. Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

    Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті қалалық білім бөліміне тексеру жүргізді. Нәтижесінде аудиторлар білім бөлімі есепшісінің төрт жылдан бері өзіне заңсыз жалақы аударып отырғанын анықтаған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

    Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, заңсыз аударымдардың ішінде сыйақы аудару, жәрдемақы төлеу бойынша да қаржылық операциялар болған.

    "Төрт жылда жалақы беру бойынша 3 млн 585 мың теңгеге заңбұзушылық анықталды. 2021-2024 жылдары еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша 136 мың теңге артық аударылған. Сонымен қатар, 11 млн 564 мың теңге рәсімдік бұзушылықтар анықталды, яғни сыйақы бұйрықтарының қосымшалары бір-біріне сәйкес келмейді. Аудит барысында сыйақы бойынша ақпараттар әртүрлі нұсқада ұсынылғаны белгілі болды. Электронды цифрлық қолтаңбаға мұқият болу қажеттігі туралы білім беру ұйымдарының барлық басшыларына түсіндірілді. Қалалық білім бөлімінің қазіргі басшысы да ол жиында болды", - деді Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысы Сәкен Қасымов.

    Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан Ақтөбе қалалық білім бөлімінде анықталған заңбұзушылықтарды жоюға нұсқама жіберіп, тиісті шаралар қабылданатын болады.

    Департамент дерегіне сүйенсек, Ақтөбе қалалық білім бөліміндегі қаржылық заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 15 млн теңгеден асады. Оның 3 млн 585 мың теңгесі – есепшіге заңсыз аударылған жалақы, еңбекке қабілетсіздік жәрдемақысы, 136 мың теңгесі – артық аударылған қаржылық бұзушылықтар, 11 млн теңгеден аса қаражат – рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар.

    Облыстық мемлекеттік аудит департаменті өкілдері мұндай заңбұзушылықтардың электронды цифрлық қолтаңбаны мекеме басшылары қызметкеріне негізсіз беруінен болатынын айтты.

    Электронды цифрлық қолтаңбаны қызметкерлеріне негізсіз берген басшыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін тиісті мемлекеттік органға ақпарат жолданған.

    Автор: Ардақ Ерубаева

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.