Ақтөбеде спорт мектебіндегі оқушы өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты
Жарияланған күні:

Бүгін Ақтөбеде спорт мектебі оқушысының өліміне қатысты іс бойынша айыпталған екі сотталушыға үкім шықты. Біріне 9 жыл мерзімге, екіншісіне 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғандар марқұммен бір мектепте оқып, бір жатақханада тұрған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқушы өліміне қатысты іс Қылмыстық кодекстің 106 бабы 3-бөлігімен қаралды. Сотталушылардың екеуі де кінәлі деп танылды.
"А.Қ. Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі, 106 бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылсын. Оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. М.Ж. Қылмыстық кодекстің 106 бабы 3-бөлігімен айыпты деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қ. -ға тағайындалған жазасы Қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздігі мекемесінде, Ж.-ға тағайындалған жазасы кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған ҚАЖ орташа қауіпсіздігі мекемесінде өтеуге белгіленсін", - деді судья.
Сот отырысында анықталғандай, 2024 жылдың 11 сәуірі күні Қ. Ақтөбе қаласы Алматы ауданы Қарғалы тұрғын алабында орналасқан "Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2-курс студенті бола тұра еркін күреспен айналысатын 8-сынып оқушыларының спорттағы нәтижелерінің нашарлауына байланысты жиналыс ұйымдастыруды қажет деп шешкен. Кешкі жаттығудан кейін 8-сынып оқушыларын мамандандырылған мектеп-интернаттың төртінші қабатында 413-бөлмеге жинау қажеттігін айтып, Ж.-ға және басқа да 9-10 сынып оқушыларына оларды жинауды тапсырған. Өз кезегінде Ж. сол түні сағат 21:00 шамасында 8-сынып оқушыларын 413- бөлмеге жинауға қатысқан. Қ. аталған бөлмеге келіп, 8-сынып оқушыларын бір сапқа тұрғызып, оларға моральдық-физикалық қысым көрсетіп, жиналыс жасауға ешқандай өкілеттілігі болмаса да олардың тәртібі мен спорттық нәтижелерінің төмендеп кеткенін айтып, адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы бұған дейін жоспарланған қылмыстық ойын әрі қарай соңына дейін жеткізу мақсатында Ж.-ға және басқа да 9-10-сынып оқушыларына 8-сынып оқушыларын ұруға нұсқау берген. Сондай-ақ Қ. 8-сынып оқушыларын жай ұрғанын айтып, қаттырақ ұруын талап етті. Аталғандар қайтадан 8-сынып оқушыларын ұрып шыққан. Кейін Ж. Қ.-мен ойының бір екенін көрсетіп, 8-сынып оқушысы Ә.-ге келіп, екі бетінен ұрып, екі иығын екі қолымен ұстап, оң тізесімен төс бөлігіне жеткілікті күшпен соққы жасап, оның денсаулығына ауыр зиян келді. Салдарынан Ә. есін жоғалтып, арқасымен құлап, кейін қайтыс болған.
Сотталушыларға 20 млн теңге моральдық зиян, 2 158 915 теңге материалдық шығын өтеу міндеттелді.
Еске салсақ, Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіндегі қайғылы оқиға биыл 11 сәуірде болды. Полиция департаменті өкілдері бұл жайт бойынша үш қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Екі күдікті жасөспірім ұсталды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2197302-aqtobede-sport-mektebindegi-oqushy-olimine-qatysty-is-boiynsha-sot-ukimi-shyqty/