Атырауда діни-экстремистік идеологияны насихаттады деген күдікпен бұрын сотты болған ер адам ұсталды
Жарияланған күні:

Атырау қаласында полиция қызметкерлері "Таблиғи жамағат" діни-экстремистік ұйымының идеяларын таратты деген күдікпен ер адамды ұстады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Медиа-портал мәліметінше, бұл қозғалыс Үндістан және Пәкістан елінен шыққан, идеология азаматтық құқықтар мен міндеттерден (отбасын қамтамасыз ету, ата-анаға қамқорлық жасау, балаларды тәрбиелеу, білім алу, тұрақты жұмыс істеу және т.б.) бас тарту арқылы үздіксіз миссионерлік қызметке негізделеді.
"Ұйым Қазақстанда экстремистік деп танылып, дәстүрлі моральдық құндылықтарға қатер төндіретін ұйым ретінде сот арқылы тыйым салынған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұсталған ер адамның мешіттерде діндар жастармен әдейі кездесіп, үйлеріне шақырып, экстремистік әрекеттерге тарту мақсатында "Таблиғи жамағат" идеологиясын насихаттағаны анықталды", - делінген хабарламада.
Тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде сот шешімімен тыйым салынған діни мазмұндағы кітаптар мен электронды материалдар тәркіленді.
Полиция мәліметінше, 44 жастағы күдікті бұған дейін де осы экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған. Экстремизмді жүзеге асыруға байланысты сот шешімімен тыйым салынған діни ұйымды ұйымдастыру және оның қызметіне қатысу белгілері бойынша қылмыстық іс тергелуде.
Ведомство өкілдері өзге ақпарат тергеу мүдессіне сәйкес жариялауға жатпайтынын мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2198328-atyrauda-dini-ekstremistik-ideologiiany-nasihattady-degen-kudikpen-buryn-sotty-bolgan-er-adam-ustaldy/