Ақтөбеде ерлі-зайыптыларды қағып кеткен полиция қызметкері сотталды
Жарияланған күні:

Ақтөбеде велосипедпен кетіп бара жатқан ерлі-зайыптыларды өз көлігімен қағып, оқиға орнынан бой тасалаған полиция қызметкеріне екі бап бойынша үкім шықты. Сотта заң қызметкерінің көлікті масаң күйде жүргізгені, жылдамдықты екі есеге арттырғаны айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-полицейге үкім оқылды. Екі баппен қылмыстық жауапқа тартылған экс-полицей майор шенінен және 9 жылға бас бостандығынан айрылды.
Сотталушы экс-полиция қызметкері А.С. 34 жаста, №4 қалалық полиция бөлімінде жедел уәкіл болған. Үйленген, кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы бар. Сот мәліметінше, айыпталушы экс-полицей түнде велосипедпен үйіне қайтып келе жатқан ерлі-зайыптыны қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және 347-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша айыпталды.
"Қылмыстық кодекстің 345 және 347-баптары бойынша іс сотқа түсті. А.С. айыпты деп танылып, түпкілікті 9 жыл бас бостандығынан және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылсын. Қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде жазасын өтеу тағайындалсын", - деп оқыды үкімді судья.
Еске салсақ, бұл жайт биыл 23 шілдеде болған. Жол апаты кезінде 25 және 26 жастағы ерлі-зайыптылар оқиға орнында мерт болды. Велосипедпен жол шетінде кетіп бара жатқан ерлі-зайыптыны полиция қызметкері қаққан. Айыптау актісінде полиция қызметкерінің көлікті мас күйінде жүргізгені айтылды. Сотта экс-полицей сол түні 121 км/сағ жылдамдықпен жүргені, жылдамдықты асырғаны, оқиға болған жерде 60 сағ/км жылдамдықпен жүруге тиіс екені айтылды.
Ерлі-зайыптылардың артында қалған 4 және 3 жастағы балалар қазір ата-әжесінің қолында.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2198888-aqtobede-erli-zaiyptylardy-qagyp-oltirgen-politsiia-qyzmetkeri-sottaldy/