Қызылорда облысында есірткі зертханасы жойылды (видео)
Жарияланған күні:

Қызылорда облысында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті тұрғын ұйымдастырған есірткі зертханасын анықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Басылым мәліметіне сүйенсек, оқиға орнында 52 жастағы ер адам ұсталған. Ол сарайдың ішінде қабырғалары пластик фольгамен қапталған есірткі зертханасын жасаған. Тексеру кезінде есірткі өсіруге арналған жарықдиодты жарықтандыру құрылғылары мен суаруға қажетті құрал-саймандар тәркіленді.
Зертхана ішінен 214 түп қарасора өсімдігі заттай дәлел ретінде алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы төрт келіге жуық болған.
Сонымен қатар кептірілген шөп тәріздес ерекше хош иісі бар заттар, 8 газет қиындысына, 6 полиэтилен пакетіне және пластикалық бөтелкеге салынған есірткі табылды. Ол 5,4 келіден астам кептірілген марихуана және 4,65 грамм гашиш болып шықты.
Айыпталушы тергеу кезінде қамауда болған. Сот шешімі бойынша ол 12 жылға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейтін болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2199258-qyzylorda-oblysynda-esirtki-zerthanasy-zhoiyldy-video/