jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Ардақ Құлтай
    Ардақ Құлтай
    Бұрынғы қызметкер

    2024 жылы қоғамды дүрліктірген атышулы оқиғалар

    2024 жылғы оқиғалардың иллюстрациясы
    2024 жылғы оқиғалардың иллюстрациясы: ChatGPT

    Елімізде 2024 жылы қоғамдық резонанс туғызып, жұртты дүрліктірген оқиға көп болды. Бұл мақаламызда жылдың ең атышулы оқиғаларын еске түсіруді ұйғардық.

    КЛЮЧЕВЫЕ МОМЕНТЫ
    close
    Данный текст создан автоматически при помощи ИИ и не проходил проверку редактора, поэтому может содержать фактологические или грамматические ошибки. Подробности в публикации
    • 2024 жылы Қазақстанда бірнеше ірі оқиға болды: жыл басында Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болса, көктемде 10 облыста 80 жылдан бергі ең ірі су тасқыны болды.
    • Бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталды, ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама қатаңдатылды.
    • Талғарда 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырса, елде бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшу де даулы мәселеге айналды.

    Жыл басындағы жер сілкінісі

    Алматы қаласында қаңтардың аяғында 5 балдық жер сілкінісі және артынша бірнеше афтершок болды. Жер сілкінісін сейсмикалық станциялар желісі 2024 жылғы 23 қаңтарда сағат 00:09-да тіркеген.

    "Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қырғызстан аумағында, 65 шақырым тереңдікте орналасқан. Энергетикалық класы – 15,1. Магнитудасы – 6,7", - делінген еді ТЖД хабарламасында. Алматыда – бес балл, Шымкентте – екі балл болып сезілген.

    Қала тұрғындары жаппай көшеге шыққан. Әлеуметтік желілерде жиһаздар мен люстралар шайқалғанын, аулаларда тұрған адамдарды, сондай-ақ көшедегі көліктердің кептелісін көрсететін бейнежазбалар таралды. Қаладан шығатын жолдар мен жанармай бекеттерінде кептеліс болғаны хабарланды. Алматының жол полициясы қаладан шығу бағытындағы кептеліс туралы ақпаратты жоққа шығарды. Олар тек жанармай бекеттерінде көліктердің көп шоғырланғанын растады.

    Алматыда қайталама жер дүмпулері алғашқы дүмпуден шамамен жарты сағат өткен соң сезілген. Олардың магнитудасы екі-үш балл болғаны хабарланды.

    АҚШ Геологиялық қызметінің деректері бойынша, жер сілкінісінің эпицентрі Қырғызстан мен Қытай шекарасында, Шыңжаң провинциясындағы Айкөл қаласынан 129 шақырым жерде болған. Оның магнитудасы 7 балл болған. Қазіргі уақытқа дейін қызмет сол ауданда, сондай-ақ Қырғызстандағы Қызыл-Суу ауылының маңында магнитудасы 5,5-ке дейін жететін төрт қайталама дүмпу тіркеген.

    80 жылдан бергі алапат су тасқыны

    2024 жылдың көктемінде Қазақстанның 10 облысында су тасқыны болып, төтенше жағдай жарияланды. Бұл су тасқыны көлемі жағынан кейінгі 80 жылдағы ең ірі табиғи апат саналды. Атырау облысының Құлсары қаласы қатты зардап шекті.

    Мыңдаған отбасы баспанасыз қалып, мал қырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл апатқа дайын болмай шықты деген сынға ұшырады. Ал оқушылар қашықтан оқуға көшірілді. Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді.

    Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың жаңа үйлері қауіпсіз жерге салынатынын мәлімдеді. Артынша Әзербайжан, Еуропа одағы, Германия, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Сербия, Тәжікстан, Түркия, Ұлыбритания көмектесті. Ал UNICEF балалары бар отбасылар арасында бөлу үшін Алматыдан Ақтөбеге 200 отбасылық санитарлық-гигиеналық жиынтықтар мен басқа да керек-жарақтарды жіберді.

    су тасқыны
    Шаруа қожалығының су басқан жері. Көктемде түсірілген фото: Александр Брехачевтың жеке мұрағатынан

    Ақтөбе облысында тасқын кезінде бұзылған бөгетке қатысты мердігердің үстінен іс қозғалды. Әйтеке би ауданының Талдысай ауылында орналасқан бұл нысан ағын судың екпініне шыдас бермеген. "СК Гранд каналы" ӨК мекемесіне Қылмыстық кодекстің "салғырттық" бабы бойынша іс қозғалды. Алматыда, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Ұлытау облысында 1 млрд теңгеден астам ұрлық белгілері бойынша төрт іс қозғалды, бес адам күдікті.

    Перизат Қайрат
    Перизат Қайрат. Фото: instagram/01pk

    Ал таяуда ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатқаны белгілі болды. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінген.

    Қуандық Бишімбаевтың сотталуы

    2024 жылы 26 ақпанда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс сотқа келіп түсті. Оған екі бап бойынша айып тағылды: Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы бойынша "Асқан қатыгездікпен кісі өлтіру", 110-бабы, 2-бөлігі бойынша, яғни – "Азаптау". Ол азаматтық некедегі әйелін өлтірген.

    Сот үкімі бойынша Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Резонанс болғаны соншалық, Бас прокуратура желілерінде ашық өткен соттың онлайн қаралымы миллиондаған қаралым жинады. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің өзекті мәселелерін қайта көтерді.

    Айыпталушылар Байжанов пен Бишімбаев
    Айыпталушылар Байжанов пен Бишімбаев. Фото: t.me/Jogargy_sot

    Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманың күшеюі

    2024 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда кеңінен талқыланды. Статистикаға сәйкес, тұрмыстағы зорлық-зомбылық 2017 жылмен салыстырғанда 3 есеге өскен. Осыған байланысты шілде айында заңға арнайы өзгерістер енгізіліп, полиция қызметкерлеріне жәбірленушінің арызынсыз-ақ әкімшілік іс қозғау құқығы берілді.

    Бұл шаралар қоғамда қызу пікірталас туғызды. Бастапқыда жарияланған петиция қаралмай, кейін петиция туралы заңға өзгеріс енгізілген соң қоғам тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша айыпты күшейтетін шаралардың қабылдануын талап етті.

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында "Егемен Қазақстан" газетіне көлемді сұхбат беріп, осы тақырып турасында пікірін айтқан еді.

    "Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тап­сырмаммен нақты шаралар қа­былдануда. Әйелдер мен балаларға жасал­ған зорлық-зомбылыққа қатыс­ты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау­мен шұғылданатын маман­дардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді", - деген еді президент.

    Кейін полиция зорлық-зомбылық фактісін тіркеудің анықтау сипатына көшті, яғни, агрессорды жәбірленушінің арызынсыз-ақ жауапқа тарту мүмкіндігі пайда болды. Ал 15 маусымнан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшіне енді.

    Құжатқа сәйкес, бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекспен қаралады. Ал іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері фото-видео айғақтар мен көрші, туыстарының сөзіне сүйеніп, тергеу жүргізе алады.

    Qazaqstan телеарнасы келтірген мәлімет бойынша, бұдан әрі тараптарға екінші рет татуласуға мүмкіндік берілмейді. Осылайша денсаулыққа жеңіл зардап келтіргендер бұрын 55 мың теңге айыппұл төлеп, немесе 15 тәулікке қамалса, енді 738 мың теңге айыпппұл төлейді немесе 50 тәулікке қамалады. Жеңіл дене жарақатын алған жағдай үшін де жаза қатаңдатылды. Айыппұл мөлшері 36 мың теңгеден 295 мың теңгеге өсті.

    Ал қамауға алу мерзімі 10 тәуліктен 25 тәулікке ұзарды. Жәбірленушіні ұдайы ұрып-соғып, психологиялық қысым көрсеткендерге 369 мың теңге айыппұл немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады, шектеу жазасы қолданылады. Бұл норма бұған дейін де болған. Дегенмен, аса қатігездік танытқан жағдайлар қосымша дәлелденсе, агрессор 4 жылдан 7 жылға дейін сотталады. Егер жәбірленуші 21 күн ауруханада жатса, орташа ауыр жазаға тартылады. Яғни, бұрын 369 мың теңге айыппұл төлеп немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылды.

    Енді мұндай жағдайда 2 жылға дейін сотталады. Үйдегі балаларды да дәл осылай қорласа, 3 жылға қамалады. Ал зорлық-зомбылық көрген адам сөйлеу, көру, есту қабілетінен айырылса немесе еңбекке жарамсыз деп танылса, онда бұл іс денсаулыққа ауыр зиян келтірді бабына жатады. Мұндай жағдайда агрессор 3 жылдан 8 жылға дейін сотталады. Бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылмайды. Ал жәбірленушіге жеңіл, орташа не ауыр зиян келгенін сот-медициналық сараптама анықтайды.

    Бұдан бөлек, заң жобасында жанжал шығарған адамды тәртіпке салу тетіктері қамтылған. Ол бір айға отбасынан оқшауланады, жағдай ушықса 3 айдан 1 жылға дейін әйелі мен бала-шағасын көруге тыйым салынады. Бұл заң нормаларының бір бөлігі 15 маусымнан, қалғаны келесі жылдан бастап күшіне енеді. Ал бұл заң халық арасында "Салтанат заңы" аталып кетті.

    Талғар трагедиясы

    4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды. Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

    Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады. Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

    Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты. 10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

    Шерзат Болат
    Шерзат Болат. Фото: instagram.com/justice_for_sherzat

    12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады. Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

    Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады. Сонымен қатар мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғардағы Шерзат Болат қазасына қатысты қозғалған істі тергеу барысы жөнінде пікір білдіріп, марқұм болған жасөспірімнің әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс жоқ екенін атап өтті.

    Шерзат Болат өліміне қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша тергеліп жатыр.

    Ал 9 желтоқсанда Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. 10 желтоқан кешке Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкеткені мәлім болды. Бұл жағдай Талғар ауданы Азат ауылында Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін болған. Кейін Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамауға алынды. Ал кейін Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы Қазақстандағы ботоферма белсенділігінің қалыптан тыс өсімін тіркеген. Ал желіде бұл мәселе төңірегінде халықтың әділдікті талап етуіне қосылмаған блогерлерден жаппай бас тарту флешмобы жүре бастады.

    Уақыт белдеуіне қатысты дау

    2024 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстан аумағында бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуі қолданысқа енгізілді. Бұл өзгеріс елдің орталық және шығыс облыстарын, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларын қамтыды. Сағатты жаңа уақытқа ауыстыру 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де жүзеге асырылды.

    Әлем елдеріндегі сағат
    Әлем елдеріндегі сағат. Фото: pexels.com

    Бұл бастаманы уақытты есептеу мәселелері бойынша жұмыс тобына енген қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар ұсынған болатын. Бұған дейін олар халықаралық тәжірибені зерттеген еді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 175 елде бірыңғай уақыт белдеуі қолданылады, ал бір уақытта бірнеше уақыт белдеуі тек 22 мемлекетте ғана бар.

    Алайда көптеген қазақстандық бірыңғай уақытқа көшуді сынға алды, олар бұл өзгеріс қолайсыздық туғызатынын және ағзаға теріс әсер еткенін айтты. 7 маусымда Қазақстанда уақытты бір сағатқа алға жылжытуға қарсылық білдіргендер ұсынған петиция 50 мың азаматтың дауысын жинап, мемлекеттік органдар қарауына қабылданды.

    "Уақытты бұрынғы күйіне қайтару" петициясын талқылау бойынша жария тыңдауларда UTC+5-ке көшуге қатысты ғылыми негіздеме, қазақстандықтардың денсаулығына әсері бағаланды. Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Алмагүл Қауышеваның айтуынша, халықтың сырқаттанушылығын азайту бойынша жақсартулар қазірдің өзінде байқалып отыр. Ал қыркүйектің басында сауда және интеграция министрі Қазақстанда уақыт белдеуін алдағы жылдары өзгерту жоспарланбағанын хабарлады.

    2024 жылы қоғамды дүрліктірген атышулы оқиғалар

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.