Оқыс оқиға

Зектілері

Ақтөбеде адамдардың кепілге алынуы: оқиғаға қатысты облыс әкімі Шахаров пікір білдірді

Жарияланған күні:

Асхат Шахаров
Асхат Шахаров. Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров 13 қаңтарда Ақтөбе қаласында болған жағдайға қатысты Facebook әлеуметтік желісінде жазба жариялады.

"Құрметті жерлестер! Облыс орталығындағы қылмыскердің түндегі әрекеті қоғамда жан-жақты талқылануда.

Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. Құқықтық бағасын құзырлы органдар беретін болады.

Қазіргі уақытта зардап шеккен жәбірленушіге жан-жақты медициналық және психологиялық қолдау көрсетілуде.

Ал марқұм болған азаматтардың жерлеу рәсіміне қажетті көмектер ұйымдастырылады.

Осы ретте күдіктіні ұстауда кірпік ілмей, кәсібилік танытқан полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Қауіпсіздік шаралары – бақылауымда", - делінген жазбада.

Естеріңізге сала кетсек, 13 қаңтарда түнде әлеуметтік желілерде Ақтөбедегі үйлердің біріне белгісіз біреу кіріп, бойжеткенді кепілге алғаны туралы ақпарат пайда болды. Кейін полиция өкілдері бұл ақпаратты растап, 13 қаңтарда кешкі сағат 20:00 шамасында жедел басқару орталығына кепілге алу фактісі бойынша хабарлама түскенін мәлімдеді.

Оқиға орнына жедел тергеу тобы, арнайы жасақ қызметкерлері, барлық шұғыл қызмет жедел жұмылдырылып, кепілге алынғандарды босату операциясы ұйымдастырылып, күдікті ұсталған.

Бүгін полиция өкілдері оқиғаның мән-жайын баяндап, зардап шеккендердің бірі тасымалдау кезінде, ал екіншісі ауруханада көз жұмғанын, үшінші жәбірленушіге дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмек көрсетіп жатқанын айтты.

Сондай-ақ бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2211350-aqtobede-adamdardy-kepilge-alu-oqigasyna-qatysty-oblys-akimi-ashat-shaharov-pikir-bildirdi/