Ақтөбеде адамдардың кепілге алынуы: оқиға болған үйдің көршілері тың дерек айтты
Жарияланған күні:

Ақтөбеде үш адам кепілге алынып, салдарынан екі адам көз жұмған оқиғаға қатысты тың деректер айтылды. Марқұмдардың көршісі КТК арнасы тілшісіне болған жайт туралы баяндап берді, деп хабарлайды телеарнаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ақтөбеде кепілге алынған ерлі-зайыпты зейнеткер қаза тапты. Олардың 40 жастағы қызы ауруханада жатыр. Күдікті марқұмдарды пышақтап, жертөлеге қамап тастаған. Телеарна мәліметінше, күдікті кепілге алған келіншекпен бұрыннан таныс болған. Ауыр қылмысқа барған кезде тәртіп сақшыларына нақты бір талап та қоймаған.
Ақтөбе қаласының қақ ортасындағы Қайрат Рысқұлбеков көшесі тұрғындарының түні тыныш өтпеді. Кеше кешкі сағат сегізден кейін бұл үйде тұратын зейнеткерлер мен олардың қырық жастағы қызы кепілге алынғаны туралы тәртіп сақшыларына хабарлама түскен. Сол уақыттан бастап, түн жарымына дейін күдіктімен келіссөз жүргізген. Бірақ ол дегенге көне қоймаған. Қанды оқиға болған үйге көрші тұратындар шошынып қалған. Қас қарая осы маң қоршауға алынып, тәртіп сақшыларынан бастап, құтқару қызметтері қаптағанда, тұрғындар не болғанын түсінбей қалған.
"ОМОН ба, біреулер болды. "Апа, ішке кіріңіздер, бәрі аманшылық, қорықпаңдар", - деді. Сосын үйге кіріп кеттік. Түнімен болды. Қорықтық. Есікті іліп алдық. Бірдеме сарт ете қалды. "Ойбай, машина атылып кеткен шығар" деп атып шықтық. Әйтеуір аманшылық екен. Сол кезде мына жерден адам шығарып жатты ма... Қарауға мүмкіндік жоқ... Толған машина", - дейді оқиға болған үйдің көршісі Маржан Тәжекенова.
Күдікті қырық жастағы келіншектің танысы екен. Ол үйге кіре сала, әйелден бастап, оның зейнеткер әке-шешесін аяусыз ұрып-соққан. Есік-терезені жауып, 74 жастағы қарт пен 67 жастағы әжейді пышақтап, жертөлеге қамап тастаған. Құзырлы орган басшыларының тайлы-тұяғы қалмай келіссөз жүргізгенімен, айтқанға көнбеген соң, шабуылмен басып кірген.
"Бұл ретте күдікті қандай да бір талап қойған жоқ. Үш сағатқа созылған келіссөздерден кейін және күдікті кепілге алынған адамды босату туралы талапты орындаудан бас тартқаннан соң, шабуыл жасау туралы шешім қабылданды. Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды. Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақаттарымен егде жастағы ата-анасы табылды", - деп пікір білдірді Ақтөбе облысы ПД бастығы Абай Жүсіпов.
67 жастағы зейнеткер әйел оқиға орнында қаза тапқан. Ал келіншек пен оның әкесін ауруханаға жеткізеді. Жетпіс төрттегі қарт ауыр соққы мен пышақ жарақатынан ақыры беті бері қарамай көз жұмды.
"Екі адамды алып келді. Біреуі әйел, 1984 жылғы. Оның миы шайқалған, басынан, бетінен жарақат алған, кесілген. 1950 жылғы ер адам оны сол жедел жәрдем алып келгенде жағдайы нашар болған. Жансақтау бөліміне жатқызып, реанимация шаралары 30-40 минуттай жасалды. Өкінішке қарай, ол кісі қайтыс болды", - дейді Ақтөбе облысы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев.
Еске сала кетсек, 13 қаңтардан 14-іне қараған түні әлеуметтік желіде белгісіз біреу Ақтөбедегі үйлердің біріне кіріп, бойжеткенді кепілге алғаны туралы ақпарат пайда болды. Кейін полиция өкілдері бұл ақпаратты растап, 13 қаңтарда кешкі сағат 20:00 шамасында жедел басқару орталығына адамдарды кепілге алу фактісі бойынша хабарлама түскенін мәлімдеді.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы, арнайы жасақ қызметкерлері, барлық шұғыл қызмет жедел жұмылдырылған. Кепілге алынғандарды босату операциясы ұйымдастырылып, күдікті ұсталған. Кейін кепілде болған адамдардың бірі ауруханаға тасымалдау кезінде, екінші адам операция үстелінде қайтыс болғаны белгілі болды.
Дәрігерлер кепілден босатылған 40 жастағы әйелдің жағдайы орташа ауыр деп отыр. Ат ұсталған азаматтың үстінен екі бірдей бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2211620-aqtobede-adamdardyng-kepilge-alynuy-oqiga-bolgan-uiding-korshileri-tyng-derek-aitty/