Миллиардтаған қаражатынан айырылған: Астанада қаржы пирамидасын құрғандар сотталды
Жарияланған күні:

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қаржы пирамидасын құрған және оны құруға көмектескен екі азаматқа қатысты іс бойынша үкім шығарды. Олардың екеуі де бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Астана соттарының ресми Telegram-арнасында аталған азаматтарға қатысты Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі мөлшерде ақшаны тарта отырып қаржы (инвестициялық) пирамидасын құрғаны және оған басшылық еткені үшін (ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы) Б.-ға, сондай-ақ аса ірі мөлшерде ақшаны тарта отырып қаржы (инвестициялық) пирамидасын құруға көмектескені үшін (ҚК 28-бабының 5-бөлігі – 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы) және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін (ҚК 218-бабының 1-бөлігі) М.-ға қатысты үкім шығарды.
Ведомство ұсынған деректерге сай, сотталушы Б. 2021 жылдың қыркүйек айынан 2023 жылдың шілдесіне дейін адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, М.-мен қаржылық пирамида құрып, оған басшылық еткен.
"М. аса ірі мөлшерде қаражат жинауға көмектескен, соның салдарынан 59 жәбірленушіге жалпы сомасы 509 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Қаржы пирамидасының жұмыс істеуі бұрын ақша салған тұлғалардың пайдасына қолма-қол ақша берген немесе сотталушылар көрсеткен шоттарға аударымдар жасаған салымшылардың қаражатын қайта бөлу арқылы қамтамасыз етілген.
Сонымен бірге Б. 40 адамнан жалпы сомасы 715 млн 694 мың теңге тартқан, ал М. 38 адамнан 284 млн 510 мың теңге қаражатты тартуға көмектескен. Бұл аса ірі мөлшер болып саналады", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сот сотталушылардың жас балаларының болуын ескерген.
Қылмыстардың ауырлығын, аса ірі мөлшердегі залалды өтемеуді, жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, сондай-ақ жәбірленушілердің пікірін ескере отырып, сот азаматтардың ақшалай қаражатын және инвестиция тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, Б.-ға 6 жылға бас бостандығынан айыру, М.-ға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Одан бөлек қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлік тәркіленген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2212362-milliardtagan-qarazhatynan-aiyrylgan-astanada-qarzhy-piramidasyn-qurgandar-sottaldy/