"Гипнозбен арбап несие алдыртқан": Ақтөбеде жүз шақты адам емшіге алданғанын айтты
Жарияланған күні:

Ақтөбеде "емшіге алдандық" деген 100 шақты адам шу шығарды. Олар емшіні дертіне дауа іздеп барғандарды гипнозбен арбап несие алдыртты деп айыптап отыр. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, "емшіге алдандық" деген ақтөбеліктер саны алпыстан асқан. Олар емші қабылдауына келгендерді гипнозбен есінен айырып, онлайн несие алдырады деп айыптап отыр.
"Еріксіз қарызға батқанымызды есімізді жиған соң ғана білдік", - дейді тұрғындар.
"Біз емге барып жүргенімде гипноз арқылы мені 18 миллионға сазға отырғызды. Бес баламен қазір жұмысым да, тамағым да жоқ, балаларыма алатын, мысал үшін. Емделуге барғанда жатқызып қойып, гипноз жасай ма, білмеймін. Жатқызып қойып емдейді. Кейін біз білмейміз, не істегенімізді. Телефонымызды алып, біздің атымыздан несие рәсімдеп отырған", - дейді шағымданушылардың бірі Райхан Зарлықова.
Емделушілердің тағы бірі дәл осындай жағдай болды деп мәлім етті.
"Басым ауырып бардым, сол кезде басым айналды, барған бойда. "Басың ауырып тұр ма?" деп сұрады. Көзім қарауытып дым сезбей қалдым. Бір есімді жисам, "басыңды оңға бұр, солға бұр" деп, менің телефонымдағы банк қосымшасынан кредит алып жатқанын сездім. Сол кезде бір миллионға несие мақұлданған. Сосын өз қолымен өз телефонына аударып алды", - дейді . Алмагүл Хасанғалиева.
Халық емшісі алдына келгендерді ғана емес, өз жақындарына дәл солай несие алғызған, дейді жиналған жұрт.
Телеарна ақпаратына сай, сан соғып қалғандардың қатарында туыстары мен ауылдастары да бар. Бәрі "қандай сиқырға тап болдық" деп, таңқалып отыр. Зейнетке шыққан жеңгелері де миллиондаған несиені қалай алғанын білмейді.
"Содан ем жасады, кейін басым ауырды, сөйтіп тұрғанда телефонымды алып, былай-былай сөйлесті. Тіпті қой дегенге қоймады. Білмеймін, суретке түсірді де, қолға мақұлдау жіберді. Сол жерде "саған үш миллион шықты" деп, мені мақтады. Қалай маған 120 мың теңге шығады? Содан сол үйден кете алмадым. Қандай сиқыры бар екенін білмеймін!", - дейді Күлзипа Төремұратова.
Емшіге алдандық дегендер тәртіп сақшыларына арыз түсірген.
"ҚР ҚК 190-бабы, 3-бөлігі, яғни ірі көлемде бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша. Осы қылмыстық іс аясында арыз жазғандар, сонымен қатар басқа да арыз жазуға дайын азаматтар екен. Осы жерге жиналып тұр. Ақтөбе қаласының тумасына қатысты. Бұл жерге келдік. Барлық мән-жайды анықтадық. Қазір ол кісіні тергеу үшін полиция бөліміне жеткіземіз", - деді Ақтөбе ПД басқармасының бастығы Әсет Қалиев.
Жәбірленушілердің арасында бір миллионнан 25-28 миллионға дейін ақша алып бергендер бар. Тәртіп сақшылары оны тергеуге үйінен көлікпен алып кетіп, уақытша қамау изоляторына қамаған. Жәбірленушілер оны тергеу кезінде де үйқамаққа жібермей, абақтыда ұстасын деп отыр. Себебі өзгелер де арбалып қала ма деп қорқады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2214252-gipnozben-arbap-nesie-aldyrtqan-aqtobede-zhuz-shaqty-adam-emshige-aldandy/