"Қылмыстық жолмен тапқан": Шымкентте сотталған ерлі-зайыптыдан 13 қымбат көлік пен 75 млн теңге тәркіленді
Жарияланған күні:

Шымкентте ерлі-зайыпты заңсыз алкоголь өнімдерін өндіріп келген. Сот үкімімен аталған тұлғалар 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды және мүліктері тәркіленді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚМА Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.
ҚМА Шымкент қалалық департаменті анықтағандай, тергеу барысында 2022 жылдан бастап ерлі-зайыпты Қарсеновтар қолдан жасалған акциздік маркаларын және этил спиртін пайдаланып, заңсыз алкоголь өнімдерін өндіруді ұйымдастырған.
Өнім Шымкент қаласында ғана емес, көршілес Түркістан және Жамбыл облыстарында да сатылған.
"Тінту барысында 9 мың литрден астам этил спирті, 24 мыңнан астам жалған акциз маркалары, әртүрлі маркалы дайын алкоголь өнімдері және 75 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат тәркіленді.
"Follow the money" принципі бойынша жүргізілген қаржылық тергеу нәтижесінде жасырын цехтың 309 млн теңгеден астам сомадағы барлық қылмыстық кірістері анықталды.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа күдіктілер жалпы құны 234 млн тенгені құрайтын 13 қымбат көлік (Toyota Land Cruiser 300, ZEEKR 001, KIA K8, Hyundai Grandeur, VOLVO және т.б.) сатып алған, тәркілеуден жасыру мақсатында олардың бір бөлігін жақын туыстарына рәсімдеген", - делінген хабарламада.
Сот үкімімен ерлі-зайыпты заңсыз кәсіпкерлік (Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі, 2-тармағы), акцизделетін тауарлардың таңбалау тәртібі мен ережелерін бұзу (Қылмыстық кодекстің 233-бабының 2-бөлігі, қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру (ҚК 218-бабының 3-бөлігі, 3-тармағы) бойынша кінәлі деп танылды.
Сот оларға 5 және 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен тапқан қаражатқа сатып алынған 13 көлік пен 75 млн теңге тәркіленді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2215505-qylmystyq-zholmen-tapqan-shymkentte-sottalgan-erli-zaiyptydan-13-qymbat-kolik-pen-75-mln-tengge-tarkilendi/