Оқыс оқиға

Зектілері

"117 жауап алу іс-шарасы болды": Бас прокуратура өкілі Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс қай сатыда тұрғанын айтты

Жарияланған күні:

Шерзат Болат
Еске алу бұрышындағы Шерзаттың портреті. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық істің материалдарымен таныстыру процесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Қойгелдиевтың айтуынша, қазір тергеу әрекеттері аяқталған. Материалдармен танысу жүріп жатыр.

"Бұл істің материалдарымен танысу уақыты ешқандай мерзіммен шектелмейді. Жалпы айтқанда, тергеу аясында 39 сараптама бекітілді. Сонымен қатар жәбірленушілер мен күдіктілерден 117 жауап алу іс-шарасы болды. 36 рет көзбе-көз беттестіру ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ауқымды материал қамтылды, сондықтан оның бәріне талдау жасау керек еді. Осының бәрі зерттелді. Енді бұл материалдар танысуға жолданды және оған тиісті уақыт қажет", - деді ол.

Сондай-ақ бас прокурордың орынбасары бұған дейін ұсталған адамдардың саны өзгермегенін айтқан.

Шерзат Болаттың қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталғанын мәлім етті.

Бұл оқиғадан кейін марқұм Шерзат Болаттың әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасады.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын жеткізді.

Жақында Шерзат Болаттың ісі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2216181-marqum-sherzat-bolattyng-olimine-qatysty-is-sotqa-qashan-zholdanady-bas-prokurordyng-orynbasary-zhauap-berdi/