"Екінші қабатқа тастап кеткен": Алматыда тұрғын үй подъезінен жаңа туған сәби табылды
Жарияланған күні:

Алматы қаласы Түрксіб ауданында тұрғын үй подъезінен жаңа туған сәби табылды. Жылап жатқан баланың дауысын үй тұрғындары естіп, полицияға хабар берген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алматыда екіқабатты үйдің кіреберісінен жаңа туған сәби табылды. Жерде шырылдап жатқан шақалақты көрген тұрғындар абдырап қалған. Дүние есігін енді ашқан қыз баланы тұрғындар бүгін түскі уақытта байқапты. Бөбекті үйдің екінші қабатына тастап кеткен. Жылап жатқан сәбиді тұрғындар дереу жылы жерге кіргізіп, жедел жәрдем мен полицияға хабар берген.
"Жаңа туған қызды Чернышевский көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары тауып алды. Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сәбидің анасының жеке басын және істің мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - деді Салтанат Әзірбек.
Телеарна сайтында бірер сәт бұрын Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар сәбиді ата-анасы ауруханадан алып кеткенін мәлімдегені туралы ақпарат жарияланды. Олардың қолында сәбидің құжаты бар, делінген сайттағы мәліметте.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Еске салсақ, былтыр Алматыда қоқыстан жаңа туған нәрестенің денесі табылған. Дәл осындай оқиға Қарағандыда да болған. Онда үйлердің бірінің кіреберісінен жаңа туған шақалақ табылған.
Сонымен қатар былтыр Алматыда көшедегі дәретханадан табылған сәби басқа ата-анаға берілгенін жазған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2216727-ekinshi-qabatqa-tastap-ketken-almatyda-turgynui-podezinen-zhanga-tugan-sabi-tabyldy/