Оқыс оқиға

Зектілері

Астананың мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловқа сот үкімі шықты

Жарияланған күні:

Болат Мажағұлов
Болат Мажағұлов. Фото: primeminister.kz

Астананың мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловқа сот үкімі шықты. Ол 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана соттарына сілтеме жасап.

Соттың мәліметінше, 2025 жылғы 31 қаңтарда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің екінші тармағы) М.-ға, сондай-ақ оған көмектескені үшін (ҚК 28-бабының 5-бөлігі – 189-бабы 4-бөлігінің екінші тармағы) К.-ға қатысты айыптау үкімін жариялаған.

Сотта М., "Астана қаласының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы бола тұра, Э.-мен бірге және К.-нің көмектесуімен, 2016 жылы Есіл өзенінің жағалауындағы "Күн" субұрқағының құрылысын қоса алғанда, "Су сиқыры" және "Есіл өзеніндегі жарық иллюминациясы мен отшашу шоуы" шарасын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын сметалық бағаны арттыру, арзандау және сапасы төмен материалдарды қолдану арқылы талан-таражға салып, мемлекетке 1 млрд теңгеден астам, аса ірі мөлшерде залал келтіргені анықталған.

Сотталушылардың кінәсі куәлердің айғақтарымен, тауартану зерттеуінің, маманның, сарапшының, аудитордың қорытындыларымен, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен расталған.

Сотталушы М., кінәсін мойындамай, қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұраған.

Сотталушы К., өз кінәсін мойындаған. Қорғаушы тарап оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды немесе өкінуіне байланысты қылмыстық істі қысқартуды сұраған.

Сот жаза тағайындау барысында келесідей жеңілдететін мән-жайларды ескерген.

  • М.-ның жас балаларының болуы;
  • К.-ның шын жүректен өкінуі, жас балаларының болуы, қылмысты ашуға ықпал етуі, сондай-ақ денсаулық жағдайы.

М.-ның антын бұзуы – ауырлататын мән-жай болып танылған.

Сот жасалған ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстың ауырлығын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын ескере отырып: М.-ға – мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Сондай-ақ Қазақстан президентіне оны "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілген.

К.-ға – кінәсін мойындағанын, өкінуін және қылмысты ашуға ықпал етуін ескере отырып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

"Астана қаласының мәдениет басқармасы" ММ-нің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап қоюы толығымен қанағаттандырылған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, Болат Мажағұловтың ұсталғаны 2024 жылғы қыркүйекте белгілі болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2217000-astana-madeniet-basqarmasynyng-buryngy-basshysy-bolat-mazhagulovqa-sot-ukimi-shyqty/