Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директорына қатысты сот үкімі өзгертілді
Жарияланған күні:

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатысты соттың үкімі қайта қаралды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық соттың Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот үкімімен Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі (Салғырттық, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адамның өз мiндеттерiн қызметiне адал қарамауы салдарынан тиісінше орындамауы, абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы) бойынша кінәлі деп танылып, Қылмыстық кодекстің 71-бабының 1-бөлігі негізінде ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Іс апелляциялық сот алқасына адвокаттардың, қорғаушылардың, азаматтық жауапкер өкілінің шағымдары және прокурордың өтінішхаты негізінде түскен.
Қылмыстық кодекстің 11-бабының 2-бөлігіне сәйкес Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыс болып саналады.
Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігінің санкциясында белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 4 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1 000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
"Сот алқасы тараптарды тыңдап, іс материалдарын зерттеп, аталған іс бойынша ескіру мерзімі өтпеген деген қорытындыға келіп, бірінші саты сотының үкімін өзгертіп, сотталушыға Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі бойынша 6,9 млн теңге (2023 жылға 2 000 АЕК) көлемінде айыппұл жазасын тағайындады, сот үкімінің басқа бөлігі өзгеріссіз қалды", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, былтыр жазда Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директорына қатысты қылмыстық істі қарау аяқталғанын хабарлаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2217006-atyrau-munai-ongdeu-zauytynyng-buryngy-bas-direktoryna-qatysty-sot-ukimi-ozgertildi/