"Дикий Арманның" өзін жарақаттағаны туралы ақпаратқа ҚАЖК өкілдері түсініктеме берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Желіде "Дикий Арман" лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев "түрмедегі душта тамырын кеспек болғаны" туралы ақпарат пайда болды. Хабарламаға ІІМ Қылмыстық-атқарушы жүйесі комитетінің өкілдері түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Атап айтқанда, бұл туралы ақпарат KöpSöz Telegram-арнасында пайда болды. Авторлардың сөзіне сенсек, барлығы 31 қаңтарда болған.
KAZ.NUR.KZ тілшісі түсініктеме алу үшін ҚР ІІМ ҚАЖК-ге хабарласты. Комитет өкілдері Жұмагелдиев өзіне жеңіл жарақаттар салғанын растады.
"Бұл сотталушы өзіне жеңіл дене жарақатын келтірді. Дереу медициналық көмек көрсетілді. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық.
Сотталған адаммен мекеменің психологтары профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр.
Оқиғаға қатысты қызметтік тергеу тағайындалды", - деп хабарлады порталға ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 27 қаңтарда Алматыда "Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевке сот үкімі шыққан еді. Ол 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктен кейін ұсталған болатын.
Алматы қаласы сотының мәліметінше, Арман Жұмагелдиевке 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ол Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1-бөлігі, 268-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 2-бөлігі, 28 бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 126-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылған.
Кейін қалалық сот өкілдері "Дикий Арманға" қатысты іс бойынша үкімді бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берді. Қалалық соттың мәліметінше, 2022 жылдың басында Ысқақов, Жұмагелдиев және экс-депутат Құдайберген билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктердің негізгі ұйымдастырушылары болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2217153-dikii-armannyng-ozin-zharaqattagany-turaly-aqparatqa-qazhk-okilderi-tusinikteme-berdi/