Атыраулық мұғалімді әлдекімдер мектепті жарамыз деп қорқытып, 80 млн теңге талап еткен
Жарияланған күні:

Атыраудағы мектептердің бірінде тарих пәнінің мұғаліміне белгісіз біреу қоңырау шалып, мектепте жарылыс болатынын хабарлап, 80 млн теңге талап еткен. Бұл оқиға бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр.
"Ақ жайық" басылымының мәліметінше, 6 ақпан күні сағат 11:30 шамасында Атырау қаласы білім бөлімінің №3 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғаліміне коды +380-нен басталатын шетелдік ұялы телефон нөмірінен орыс тілінде хабарлама келген.
"Онда сағат 14:00-де мектепте жарылыс болатыны туралы жалған ақпарат берілген. Сонымен қатар хабарлама жіберуші 80 миллион теңге талап етіп, өзінің банк картасының нөмірін қалдырған. Хабарлама түскен сәтте бірден 102 нөміріне қоңырау шалынған", - деп жазады басылым.
Облыстық білім беру басқармасы қазіргі уақытта ахуал тұрақты, оқу процесі қалыпты жағдайда жалғасып жатқанын мәлім етті.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі KAZ.NUR.KZ порталына мектепте тексеріс жүргізілгенін жеткізді.
"Құзырлы органдар қажетті шұғыл шараларды жасады, алайды күмәнді заттар анықталған жоқ. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалған", - делінген ПД баспасөз қызметі хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2218581-atyraulyq-mugalimdi-aldekimder-mektepti-zharamyz-dep-qorqytyp-80-mln-tengge-talap-etken/