Астанадағы зәулім үйді "бас имамға тиесілі" деп видеоға түсірген тұрғынға 707 мың теңге айыппұл салынды
Жарияланған күні:

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бас имамға әлеуметтік желіде жала жапты деген күдіккке ілінген тұрғынға қатысты істі қарады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қала соттарының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот құқық бұзушының әлеуметтік желілерге зәулім үй көрсетілген бейнеролик жариялап, сол үйдің халықтың қайырымдылыққа берген қаражатына салынғанын, оның Астана қаласының бас имамына тиесілі екенін айтып, сол арқылы әлеуметтік желілерде ар-намыс пен қадір-қасиетке және басқа адамның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді таратқанын анықтады.
Сот отырысы барысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, үйдің кімге тиесілі екенін, оның қандай қаражатқа салынғаны белгісіз екенін түсіндірді, бейнероликті тек көру үшін жариялағанын айтып, өкінген.
Сотта жәбірленуші кінәлі адамды әлеуметтік желілерде абыройы мен қадір-қасиетіне және беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандықтан заң бойынша жазалауды сұрады.
Құқық бұзушылық фактісі іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен және жәбірленушінің арызымен расталған.
"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігінің санкциясы 180 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді.
Сот жаза тағайындау барысында құқық бұзушының кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот қаулысымен Б. кінәлі деп танылып, оған 180 АЕК (707 760 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды", - делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде "Астана қаласы мешітінің бас имамы тұрады" деген зәулім үйдің видеосы тарады. Кейін аталған үйдің нақты иесі табылып, зәулім ғимаратты өзі салғанын, онда 15 жылдан бері тұрып жатқанын айтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2218835-astanadagy-zaulim-uidi-bas-imamga-tiesili-dep-video-tusirgen-turgynga-707-myng-tengge-aiyppul-salyndy/