Алматыдағы тұрғын үй кешенінде күзетшіні соққыға жыққан ер адам видеоға түсіп қалды (видео)
Жарияланған күні:

Желіде Алматыдағы тұрғын үй кешенінің ауласында күзет қызметкерін соққыға жыққан көлік жүргізушінің әрекеті видеоға түсіп қалды. Видеоға қатысты қалалық полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Соққыға жығылған күзетшінің видеосын заңгер Анна Чернова өзінің Facebook-желісіндегі парақшасында жариялаған.
Жазбада оқиға кеше Алматыда сағат 14:30-да болғаны жазылған. Белгісіз ер адам Шахристан тұрғын үй кешеніне көлігімен келіп, сигнал бере бастаған, дейді автор.
"Бұл тұрғын үй кешенінің ауласына автокөліктер кірмейді, сондықтан күзетшілер көлік иесінің әрекетін байқаған. Күзетшілердің бірі оған ескерту жасаған. Бірақ көліктегі ер адамға оның бұл қылығы ұнамаған секілді, себебі ол көліктен шығып, байғұс күзетшіге соққы жасаған. Соққыдан күзетші бірден құлаған", - делінген хабарламада.
Жазба авторы, сондай-ақ ер адам жерде жатқан күзетшіні ұруды жалғастырғанын жазады.
"Бұл оқиға балалар мен жүргіншілердің көз алдында болған. Күзетшіні жедел жәрдеммен алып кетті", - делінген жазбада.
KAZ.NUR.KZ тілшісіне аталған жайтқа қатысты полиция пікір білдірді.
"Соққыға жығу дерегі бойынша Бостандық ауданы полиция басқармассы қылмыстық іс қозғады. Күдікті полицияға жеткізілді. Істің толықтығы, жан-жақтылығы және әділдігі қағидасын қамтамасыз етуге бағытталған тергеу шараларының кешені жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2233488-almatydagy-turgyn-ui-kesheninde-kuzetshini-soqqyga-zhyqqan-er-adam-videoga-tusip-qaldy-video/