Оқыс оқиға

Зектілері

Алты ай бойы Киану Ривзпен сөйлесіп жүргеніне сенген қостанайлық кейуана сан соғып қала жаздады

Жарияланған күні:

Киану Ривз
Киану Ривз. Фото: Miikka Skaffari/FilmMagic

Қостанайда полиция мен банк қызметкерлері тұрғынның ақшасын алаяқтардан сақтап қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанайлық 62 жастағы кейуана алты ай бойы өзін Голливудтың әйгілі актері Киану Ривз деп таныстырған TikTok желісінің қолданушысымен хат алмасқан. Кейуананың айтуынша, өзін Киану Ривз екеніне сендірген азамат өмірлік қиын жағдайға тап болғанын түсіндіріп, көмек сұрап, оған 400 АҚШ долларын аударуды өтінген. Кейуана ақшаны шотқа қалай аудару керегін білмегендіктен, банкке баруды шешкен.

Банк қызметкерлері жағдай күдік тудыратынын байқаған. Ол ақша аударғысы келген шот белгісіз ойын компаниясына тиесілі болды. Банк қызметкерлері дереу полицияға хабарлады. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кейуананы ақша аудармауға көндірген.

Кейуанамен әңгімелесу барысында полиция оның алаяқтарға осымен екінші рет ақша аударуға тырысқанын анықтады. Сәуір айының басында ол күдіктілерге ақша жібермек болған.

Мұндай тұзаққа түспеу үшін полиция алаяқтардан қорғауға көмектесетін бірнеше пайдалы кеңес ұсынады:

  • Бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Атақты тұлға, досыңыз немесе туысыңыз сізге хат жазса да, әрқашан қырағы болыңыз. Алаяқтар сіздің сеніміңізді арттыру үшін танымал адамдардың фотосуреттері мен аттарын пайдалана алады.
  • Бейтаныс адамдарға ақша жібермеңіз. Қаражатты алушыға сенімді болмасаңыз, ешқашан шоттарға ақша аудармаңыз. Егер сізден әлдебіреу қандай да бір себептермен қаражат аударуды сұраса, алдымен ол адамға сенім артуға болатынына көз жеткізіңіз.
  • Ақпаратты тексеріңіз. Егер біреу сізге әлеуметтік желілер немесе мессенджерлер арқылы хабарлама жіберсе, жауап беруге асықпаңыз. Сол адаммен тікелей байланысқа шыққан дұрыс болады. Мысалы, телефон немесе басқа байланыс арналары арқылы қоңырау шалып, хабарламаны нақты сол адам жазғанын тексерген абзал.
  • "Дереу көмек қажет" деген өтініштерден сақ болыңыз. Көбінесе алаяқтар сізді асықтырып алду тактикасын қолданады. Олар қиындыққа тап болдым немесе емделуге ақша керек деп айтуы мүмкін. Мұндай өтініштерге жауап беруге асықпаңыз.
  • Күдікті сілтемелер мен қосымшалардан абай болыңыз. Сілтемелерді ашпаңыз немесе олар ресми болып көрінсе де қолданбаларды бейтаныс көздерден жүктеп алмаңыз. Алаяқтар сіздің деректеріңізге осылай қол жеткізе алады немесе құрылғыға вирустар таратуы мүмкін.
  • Полицияға хабарлаңыз. Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз немесе сізді алдамақ болды деп күдіктенсеңіз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Полиция ақпаратты неғұрлым тез алса, қылмыскерлерді тоқтату және жоғалған қаражатты қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
  • Есіңізде болсын: сенімді байланыс нөмірінен жазған адам сіздің мейірімділігіңіз бен аңғалдығыңызды пайдалануға дайын алаяқ болуы мүмкін. Мұқият болыңыз және қаскүнемдердің сізді пайдалануына жол бермеңіз! Өзіңізді және қаражатыңызды сақтаңыз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2233821-alty-ai-boiy-kianu-rivzpen-soilesip-zhurgenine-sengen-qostanailyq-keiuana-san-sogyp-qala-zhazdady/