Оқыс оқиға

Зектілері

Марқұм Шерзат Болаттың үйінің өртенуіне қатысты іс: Қазақстан Ресейден спутник мәліметтерін сұратқан

Жарияланған күні:

Читать на русском
космостағы спутник
Космостағы спутник. Иллюстрциялық фото: 3DSculptor/Getty Images

Сенат кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғарда қаза болған жасөспірім Шерзат Болаттың үйінің өртенуіне қатысты тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қойгелдиевтің айтуынша, Бас прокуратура спутник мәліметтерін алу үшін Ресей Федерациясына өтініш жіберген. Сол арқылы ведомство оқиға болған түні Шерзаттың үйінің маңында қандай автокөліктер болғанын анықтамақ.

"Сотқа дейінгі тергеу әлі жүріп жатыр. Кең ауқымды сараптамалар жасалды. Бұл сараптамалар бойынша белгілі бір нәтиже бар. (...) Біз Ресей Федерациясына халықаралық тергеу тапсырмасын жібердік.

Спутник арқылы сол уақытта жақын маңда қандай көліктер тұрғанын қарамақпыз. Толыққанды зерттеу үшін (болған оқиғаны – ред. ескертпесі). Сондықтан бұған кішкене уақыт керек", - дейді Қойгелдиев.

Шерзат Болаттың қазасы

Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан еді. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталғанын мәлім етті.

Бұл оқиғадан кейін марқұм Шерзат Болаттың әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасады.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша облыстық полиция департаменті мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын жеткізді.

9 желтоқсанда Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.

10 желтоқан кешке Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкеткені мәлім болды. Бұл жағдай Талғар ауданы Азат ауылында Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін болған.

Кейін Қаржаубай Нұрымов "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамауға алынды. Сот Нұрымовтың бір қарындасына да дәл осындай жаза тағайындады.

Биылғы 21 қаңтарда марқұм Шерзат Болаттың өлімі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2234648-marqum-sherzat-bolattyng-uiining-ortenuine-qatysty-is-qazaqstan-reseiden-sputnik-malimetterin-suratqan/