Астана тұрғыны Сирияға барып, кәмелетке толмаған екі қызын лаңкестерге күйеуге бермек болған
Жарияланған күні:

Сириядағы террористтік топтың әрекетіне қатысуға дайындалып жүрген Астана тұрғыны 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол Сирияға Түркия арқылы ұшайын деп тұрған жерінен әуежайда ұсталған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Қалалық прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, елорда тұрғыны терроризмді қолдауға бағытталған материалдар мен идеологияларды тарату үшін Telegram мессенджерін пайдаланған. Сондай-ақ Сириядағы лаңкестік топқа қатысуға ниет білдірген.
Кінәлі адамды полиция қызметкерлері Алматы әуежайында Түркия арқылы Сирияға ұшуға дайындалып тұрған жерінен ұстады.
"Басты сот талқылауында сотталушы Telegram желісіндегі чатта діни себептермен қарулы қақтығыстар туралы оң пікір айтқаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған екі қызын лаңкестік топ мүшелеріне күйеуге беру үшін Сирияға баруды талқылағаны анықталды.
Мемлекеттік айыптаушы сотқа бұлтартпас дәлелдемелерді ұсына отырып, кінәлінің телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, терроризмді насихаттау және террористтік топтың әрекетіне қатысуға дайындалу ниетін дәлелдеді", - дейді прокурорлар.
Сот үкімімен кінәлі адамға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Астана қаласының прокуратурасы террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысқандарға мүлкі тәркіленіп, 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғатынын, терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру әрекеті үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілетінін ескертеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2238831-astana-turgyny-siriiaga-baryp-kameletke-tolmagan-eki-qyzyn-langkesterge-kuieuge-bermek-bolgan/