Оқыс оқиға

Зектілері

Алматы облысында ер балаларды сапқа тұрғызып, ұрып-соққан жасөспірімнің әрекетіне полиция пікір білдірді

Жарияланған күні:

видеодан кадр
Видеодан кадр: instagram.com/gres_almaty_obl

Әлеуметтік желіде жасөспірім басқа бірнеше баланы сапқа тұрғызып қойып, ұрып-соғып жатқан сәтінен видео тарады. Кадрлар мектеп ауласындағы дәретханада түсірілгенін байқауға болады. Аталған жағдай Алматы облысы Іле ауданында болғаны анықталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Видеоны Instagram желісіндегі пабликтердің бірі жариялады.

"Іле ауданы, 49 мектеп, Қараой, 9 сынып. Жүйкесі әлсіз адамдарға көруге болмайды", - деп жазылған видео сипаттамасында.

Бұған қатысты облыстық полиция департаменті өкілдері пікір білдірді.

"Әлеуметтік желіге жүргізілген мониторинг нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы заңсыз әрекеттер түсірілген бейнежазба анықталды. Оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде Іле ауданы Қараой ауылында болғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша полицияға азаматтардан арыз-шағым түскен жоқ.

Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісінше орындамағаны үшін құқық бұзушы жасөспірімнің және оқиғаны бейнетаспаға түсірген мектеп оқушысының заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аталған жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды", - делінген полиция хабарламасында.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға қосымша ықпал ету шараларын қабылдау туралы ұсыныс енгізілген.

Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы мұндай зорлық-зомбылық әрекеттері қоғамдық тәртіп пен заңдылық қағидаларын өрескел бұзу болып саналады. Осы тәріздес құқықбұзушылықтарға қатысы бар барлық тұлға заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылады.

"Ювеналды полиция қызметкерлері осындай оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды жалғастырады", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2240445-almaty-oblysynda-balalardy-sapqa-turgyzyp-uryp-soqqan-zhasospirimning-areketine-politsiia-pikir-bildirdi/