Шерзат ісі: судья Ержан Жанұзақов істі жалғастыратын болды
Опубликовано:

28 мамырда Шерзат Болаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша түске дейінгі сот отырысында айыпталушы Абзал Шынасылдың қорғаушысы төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақовқа қарсы шағым түсірді. Үзілістен кейін қайта жалғасқан сот отырысына судья Асқарбек Бейімбетов төрағалық етіп, қорғаушының шағымын қарастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
"Осы іске төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақовқа келтірілген қарсылыққа байланысты қорғаушы Ж.Әбеновтың қарсылығын қарауға келдім",- деді судья Асқарбек Бейімбетов.
Айыпталушы Абзал Шынасылдың қорғаушысы сот отырысында судьяға қарсылық себебін түсіндірді.
"Бүгін сараптама материалдарын қарастырған кезде ішінде олқылықтар болды. Соған байланысты біз эксперттерді шақырып, жауап алуды сұрадық. Сот қарсы болды. Сондықтан мен соттың бұл істі қарауына қарсылық білдірдім",- деді қорғаушы.
Аталған шағымды судья Асқарбек Бейімбетов негізсіз деп тапты. Осылайша судья Ержан Жанұзақов істі өзі жалғастыратын болды.
Шерзат Болаттың қазасы
Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан еді. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды. Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталғанын мәлім етті.
Бұл оқиғадан кейін марқұм Шерзат Болаттың әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасады.
12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.
Артынша облыстық полиция департаменті мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын жеткізді.
9 желтоқсанда Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.
10 желтоқан кешке Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкеткені мәлім болды. Бұл жағдай Талғар ауданы Азат ауылында Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін болған.
Кейін Қаржаубай Нұрымов "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамауға алынды. Сот Нұрымовтың бір қарындасына да дәл осындай жаза тағайындады.
Биылғы 21 қаңтарда марқұм Шерзат Болаттың өлімі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2249958-sherzat-isi-sudia-erzhan-zhanuzaqov-isti-zhalgastyratyn-boldy/