Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс: судья сотталушыларға шығарылған үкімді түсіндірді
Опубликовано:

Бүгін, 5 маусымда былтыр Талғарда қаза болған жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша екі айға созылған сот процесі аяқталып, үкім жарияланды. Іске төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақов сотталушыларға шығарылған үкімді түсіндірді, деп хабарлайды Жоғары соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Болатты өлтіру, Нұрқанат Гаипбаевты өлтіруге оқталу, бұзақылық, ұрлық және жасалған қылмыс туралы хабарламау айыптары бойынша 9 адамға үкім шығарылды.
Судья Ержан Жанұзақовтың айтуынша, сот барлық ұсынылған дәлелдемені зерттеп, сотталушылардың тағылған айып бойынша кінәлары толық дәлелденген деген тұжырымға келген.
"Жәбірленушілердің, куәлардың айғақтары, оқиға орнынан алынған бейнежазбалар бар, заттай дәлелдемелер алынған, қажетті сараптамалардың барлығы өткізілген. Олардың шынайылығында күмән жоқ. Бұл дәлелдемелер сотталушылардың әрқайсының әрекетін айқын анықтауға мүмкіндік береді.
Шынасылдың нақты Шерзат Болатқа, оның өліміне алып келген пышақ жарақатын келтіргені, медициналық-криминалистік сараптама қорытындысымен бекітілген. Сараптама Шынасылдан алынған пышақпен (пышақ жүзінің сипаттамасымен) жарақат келтірілгенін көрсетті.
Пышақ, Шынасыл көрсеткен жерден, орман алқабынан алынған. Тергеу кезінде Шынасыл кінәсін мойындап айғақ берген.
Осы орайда, басқа сотталушылардың әрекеттері салдарынан Шерзат Болатқа жеңіл дәрежелі зиян келтірілген. Бұл да сараптама қорытындысымен расталған.
Заң бойынша адам өлтіруді адамдар тобымен жасалған деп, егер ол екі немесе одан да көп тұлғалардың бірлесіп жасаған әрекеттерімен жасалған кезде танылады.
Жоғарыда айтқанымдай, өлімнің себебі бір пышақ соққысынан болған және оны Шынасыл жасаған. Сәйкесінше, ол адам өлтіру бойынша кінәлі деп танылған", - деді ол.
Судьяның сөзінше, бұзақылық заң бойынша барынша арсыздықпен ерекшеленетiн, күш қолданумен, соның ішінде жеңіл дәрежелі денсаулыққа зиян келтірумен ұштасқан, қоғамдық тәртіпті аса қатыгездікпен бұзу болып танылады.
"Сондықтан жәбірленушілердің денсаулығына, соның ішінде Болаттың, жеңіл дәрежелі зиян келтірген сотталушылардың әрекеттері бұзақылық ретінде сараланған.
Шерзат Болатқа соққылар келтірген Белғожаев пен Ілиясовтың қолдарында пышақ және оқталған мылтық болғанын ескеру қажет, яғни олар жәбірленушіні сол пышақтың жүзімен ұрып және мылтықпен атуға мүмкіншіліктері болған, бірақ олар пышақтың сабымен және мылтықтың түбімен ұрған.
Жаза тағайындау кезінде сот ҚК-нің 53-бабында қаралған жеңілдететін мән-жайларды тек Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтарда, Қалиахметте (жас балаларының болуын) және Ысқақтың кәмелетке толмағанын ескерді.
Сондай ақ барлық сотталушы, кәмелетке толмағаннна басқа, ауырлататын мән-жай ретінде алкогольден масаң күйде болуы танылған. Сонымен қатар сот сотталушылардың жеке басын, олардың бір бөлігінің бұрын сотты болғандарын ескерді.
Атап айтқанда, Азамат Тоқтаубаев пен Нұрқияс Ильясовке бұрынғы соттылықтарының өтелмеген жазаларын ескеріп, 15 және 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл мерзімдер, жоғарғы шегіне жақын.
Бұзақылық бойынша басқа кінәлілерге заңмен белгіленген жоғарғы мерзімдер – 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Келтірілген моральдық зиянды өтеу үшін жақын туыстарының көзінше аса ауыр қылмыс жасағаны ескеріліп, Шынасылдан 60 миллион теңге, Сакиевтен 30 миллион теңге өндірілді.
Басқа сотталғандар мен Сакиевтен бұзақылық жасағаны үшін бірлесіп, 30 миллион теңге өндірілді.
Жәбірленушілер кәмелетке толмаған Ы-ға қатысты азаматтық талаппен арызданбаған", - деді судья Ержан Жанұзақов.
Бұдан бөлек, сот куәлар Д.А.Жақсыгелді, Э.К.Нурбекова, А.М.Казакенов, Ю.Д.Рузбакиевтің әрекеттерінде болуы мүмкін қылмыс құрамына прокурордың назарын аудару туралы жекеше қаулы шығарған.
"Олардың кінәсінің дәрежесін құқық қорғау органдар анықтау қажет", - деді судья Ержан Жанұзақов.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2252730-sherzat-bolattyng-olimine-qatysty-is-sudia-sottalushylarga-shygarylgan-ukimdi-tusindirdi/