Экс-вице министр Ерлан Қожағапановқа қатысты іс: сот апелляциялық шағым бойынша шешім шығарды
Опубликовано:
Читать на русском
Астана соты бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарды. Бұған дейінгі сот үкімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды KAZ. NUR.KZ.
Естеріңізге сала кетейік, биыл мамырда Ерлан Қожағапанов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Іс бойынша екінші айыпталушы Success К компаниясының басшысы Ләззат Көккөзова 190-баптың 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Кейін Ерлан Қожағапановты қорғаушы тарап сот үкіміне шағым түсіргені белгілі болды.
Елордада өткен сотта апелляциялық шағым қаралды. Экс-вице-министр мен Ләззат Көккөзованың қорғаушылары олардың кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысты. Ал прокуратура керісінше жазаны қатаңдатуды талап етіп, Ерлан Қожағапановқа бас бостандығынан айыру мерзімін 7 жылға дейін ұлғайтуды сұрады.
Бүгін сот шешімі шығып, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады, үкім өзгеріссіз қалды. Ерлан Қожағапанов пен Ләззат Көккөзова осыған дейін белгіленген жазаны өтейді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2281844-eks-vitse-ministr-erlan-qozhagapanovqa-qatysty-is-sot-apelliatsiialyq-shagym-boiynsha-sheshim-shygardy/