Сот неліктен рақымшылыққа іліккен Жомарт Ертаевқа қатысты қаулының күші жойылғанын түсіндірді
Жарияланған күні:
Сот неліктен бұрынғы банкир Жомарт Ертаевқа қатысты рақымшылық актісін қолдану туралы қаулының күші жойылғанын түсіндірді. Бұл туралы Алматы облыстық сотына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы облыстық сотында сотталған Жомарт Ертаевқа қатысты рақымшылық қолдану мәселесі бойынша материал апелляциялық тәртіпте қаралған.
Бұған дейін, 2025 жылғы 2 қыркүйектегі Алматы облысы Алатау қаласы сотының қаулысымен сотталған Ертаевтың өтініші қанағаттандырылып, Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 6-тармағына сәйкес, оған 11 ай 16 күн өтелмеген жаза мерзімі бойынша рақымшылық қолданылып, босатылған.
"Аталған рақымшылық тармағына сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, жағымсыз мінез-құлқы жоқ, өтеуге қалған жаза мерзімі 1 жылдан аспайтын сотталғандарға жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады", - деп түсіндірді соттан.
Сот алқасы материалды зерделей келе, келесіні анықтаған.
Ертаев екі үкім бойынша сотталған: 2020 жылғы 16 қарашадағы және 2021 жылғы 3 наурыздағы.
2021 жылғы 25 маусымдағы Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының қаулысымен бұл үкімдер жиынтығымен түпкілікті жаза мерзімі белгіленген.
Алайда аталған қаулыда бірінші үкім бойынша өтелген жазаны есептеу мәселесі қарастырылмаған. Сондай-ақ Ертаевқа жаза мерзімі қай үкімнен бастап есептелетіні көрсетілмеген.
"Алатау қаласы сотының қаулысымен №14 мекеменің анықтамасы арасында өтелмеген жаза мерзімі бойынша алшақтықтар бар. Сонымен қатар мекеме анықтамасына басшы қол қоймаған.
Жоғарыда аталған мән-жайларға байланысты, сотталған Ертаевқа рақымшылық актісін қолдану туралы сот қаулысы күшін жойды, оның өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды", - делінген сот хабарламасында.
Айта кетелік, бұған дейін мәжіліс депутаттары рақымшылықпен босап шыққан Жомарт Ертаевқа қатысты сот қаулысының күші жойылғанын, оның түрмеге оралатынын мәлімдеген еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2292834-sot-nelikten-zhomart-ertaevqa-qatysty-qaulynyng-kushi-zhoiylganyn-tusindirdi/