"Алматыдан пәтер, бизнес-орталық сатып алды": ШҚО-да кәсіпкер 1 млрд теңгені заңсыз тапты деген күдікке ілінді
Жарияланған күні:
Шемонаиха ауданында орналасқан "Глинковское" кен орнында геологиялық барлау жұмысын жүргізуге тиісті болған компания пайдалы қатты қазбаларды заңсыз өндіріп, оны өткізгені анықталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаржы мониторингі агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтағанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Шемонаиха ауданында орналасқан "Глинковское" кен орнында ЖШС басшысы пайдалы қатты қазбаларды заңсыз өндірумен және өткізумен айналысқан.
"Компанияның лицензиясы тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ғана құқық берген.
Алайда пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік көлемде өндіруге рұқсат болмаған. Соған қарамастан темір құрамды тау жынысын өндіру, оны қайта өңдеу, жинақтау және ішкі нарықта, сондай-ақ Қытайға өткізу жұмыстары жүргізілген.
Ауыр арнайы техниканы қолдану қоршаған ортаға теріс әсер етіп, жер бедерінің табиғи қалпының бұзылуына және жердің тозуына әкеп соққан", - дейді ҚМА ресми өкілі.
Құзырлы орган мәліметінше, заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асқан.
Алынған табыс сомасы 1 млрд теңгеден асқан.
"Аталған қаражатқа күдіктілер жылжымалы және жылжымайтын мүлік: бизнес-орталық, Алматы қаласынан пәтер, қымбат маркалы автокөлік, 2 автотұрақ орны және 2 жер телім сатып алған.
Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін департамент Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы аумағындағы "Шыбынды" және Самар ауданының "Кенкарын" учаскелерінде ауыр арнайы техника мен өнеркәсіптік жабдықтарды пайдалана отырып, алтынды заңсыз өндірумен айналысқан екі қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2334453-almatydan-biznes-ortalyq-pater-satyp-aldy-shqo-da-kasipker-1-mlrd-tenggeni-zangsyz-tapty-degen-kudikke-ilindi/