Алматы облысында бірнеше пәтердің тоналуына қатысы бар күдіктілер ұсталды
Жарияланған күні:
Алматы облысында былтыр желтоқсаннан бастап терезені күшпен ашу арқылы пәтер тонап келген күдіктілер құрықталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, олар алтын бұйымдарды, ақша және басқа да құнды заттарды ұрлап, жалпы 21 млн теңгеден астам шығын келтірген.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 20 наурызда криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Олардың тоғыз пәтер ұрлығына қатысы бары анықталды.
Пәтер ұрлығымен айналысты деген тағы бір топ 24 наурызда Алматы облысы аумағында ұсталды.
Басылым мәліметінше, олардың есебінде үш қылмыс бар. Бұл топта 14 және 17 жастағы жасөспірімдер болған.
Тұрғын үйлерді қылмыстық әрекеттерден қорғау үшін ІІМ азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
- сапалы құлыптары бар сенімді есіктерді орнату;
- төменгі және жоғарғы қабаттардағы терезелерге тор қою;
- заманауи қауіпсіздік құралдарын пайдалану: дабыл, бейнебақылау жүйелері, сондай-ақ күзет ұйымдарының орталықтандырылған бақылау пультіне қосылу;
- әлеуметтік желілерде құнды заттар және олар қойылған жер туралы ақпарат жарияламау;
- ірі көлемдегі ақша мен зергерлік бұйымдарды қолжетімді жерлерде сақтамау.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2362092-almaty-oblysynda-birneshe-paterding-tonaluyna-qatysy-bar-kudiktiler-ustaldy/