"Күрекпен ұрған": Алматы облысында қаза тапқан ер адамның туыстары істің қайта қаралуын сұрап отыр
Жарияланған күні:
Алматы облысында қаза тапқан ер адамның туыстары қылмыстық істің қайта қаралуын талап етіп отыр, деп хабарлайды "Алматы" арнасы.
Қайғылы оқиға 23 ақпанда болған. Марқұмның қызының мәлімдеуінше, әкесі ауыр халде жатқанда, күдікті тарап жедел жәрдем шақырудың орнына, “келісіп алуды” ұсынған. Кейін зардап шегуші Ұзынағаш ауруханасына жеткізілген. Алайда науқасқа қажетті көмек көрсетілмей, Алматыға барар жолда жағдайы күрт нашарлап, Қалқамандағы ауруханада қайтыс болған.
Бүгінде іс “абайсызда өлімге әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру” бабы бойынша тергеліп жатыр. Мұнымен марқұмның жақындары келіспейді.
"Қандай абайсыздық? Адамды күректің ұшымен әдейі мойын тұсына ұру жай ғана жарақаттауға ниеттену емес. Бұл – тікелей өлтіруге бағытталған әрекет! Бел тұсынан жасалған соққы аяқтың сал болып қалуына әкелуі мүмкін, ал күрекпен мойынға соққы жасау – өлтіру үшін саналы түрде жасалған әрекет", - дейді марқұмның қызы.
Алматы облыстық соты қылмыстық істің өндірісіне қабылданғанын растады. Негізгі сот отырысы 21 мамырға белгіленген. Алматы облыстық полиция департаменті мәліметінше, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.
"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, ізін суытпай ұсталып, сот санкциясына сай қамауға алынды. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуді қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің толық кешені жүргізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары қадағалаушы органмен келісіліп, мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды. Түпкілікті шешімді сот қабылдайды", - дейді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2379000-kurekpen-urgan-almaty-oblysynda-qaza-tapqan-er-adamnyng-tuystary-isting-qaita-qaraluyn-surap-otyr/