Ақтөбеде ойын алаңында 11 жастағы бала ауыр жарақат алды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде ойын алаңында 11 жастағы бала ауыр жарақат алды. Сыртқа шығып тұрған темір жеткіншектің сан етін жұлып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, балалары алаңы сапасыз салынған. Аталған жайтқа қатысты әкімдік пікір білдірді, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
11 жастағы Әмір әдеттегідей ойын алаңында асыр салып жүрген. Бір сәтте сүрініп кетіп, орындықтың астынан шығып тұрған үшкір темірге құлапты.
"Інім аяғымен құлайды, денесімен құлайды, аяғы жарақаттанады. Мына аяғы ойылып қалады, екіге айырылып қалады ,ананы көру енді, енді көргенмен былай жеткізу мүмкін емес", - дейді баланың апасы Данара Дәрішева (ред. - спикердің сөзі өзгеріссіз берілді).
Дәрігердің айтуынша, бала ауруханаға ауыр жарақатпен жеткізілген. Оған шұғыл түрде операция жасалған.
"Алғашқы хирургиялық өңдеу жасап балаға, тігіс салынып, сақтандыру түтікшелері салынған. Қазіргі таңда жағдайы қанағаттанарлыққа жақын. Бала емін алуда", - дейді Көпсалалы облыстық балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Әкімжан Әубәкіров.
Әмірдің әкесінің айтуынша, бұл балалар алаңы әу бастан сапасыз салынған. Кей жерлерде темірлер шығып тұрғанын олар бірнеше рет ескертіпті. Ойын алаңы 2024 жылы "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында салынған. Алайда экспертизадан өтпеген. Әкімдік нысанды өз балансына алмаған. Қазір бұл мәселе сотта қаралып жатыр.
"Жоғары соттың шешімін күтеміз. Жоғары соттың шешімі қалай болады. Егер қанағаттандырмаса, біз мердігер мекемеге жаңағы элементтерді қауіп төніп тұрған, сапасыз орнатылған элементтерді демонтаждап, алып тастауды міндеттейміз", - дейді Алматы ауданы әкімдігінің ТКШ бөлімінің бас маманы Жәдігер Балтабай.
Демонтаждан кейін қайта жобалық сметалық құжаттама дайындалып, жаңа ойын алаңы салынбақ. Оған дейін ешкім ештеңе істей алмайды. Ал ата-аналар "ертең тағы бір бала зардап шекпесіне кім кепіл?" деп алаңдап отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2379378-aqtobede-oiyn-alangynda-11-zhastagy-bala-auyr-zharaqat-aldy/