ҚТЖ Алматы вагон пайдалану депосының директоры ұсталғанына қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Алматы вагон пайдалану депосының директоры қылмыстық тергеп-тексеру аясында ұсталды – аталған жайтқа қатысты ҚТЖ өкілдері мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Мессенджерлерде құзыретті органдардың Алматы вагон пайдалану депосының директорына қатысты жүргізіп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру туралы ақпараттың таралуына байланысты мынаны хабарлаймыз: аталған кәсіпорын басшысы 2026 жылғы 9 сәуірде қылмыстық іс аясында ұсталды. Тергеуде оның 2024-2025 жылдардағы қызметінің кезеңі қамтылады", - делінген мәлімдемеде.
Сот оны қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
""Қазақстан темір жолы" АҚ сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады және қолданыстағы заңнама аясында қажетті ақпарат пен материалдарды ұсына отырып, істің барлық мән-жайын анықтауда тергеуге жан-жақты жәрдем көрсетеді.
Сонымен қатар Алматы вагон пайдалану депосында құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында компанияның комплаенс-қызметінің басшылығымен комиссия ішкі тексеру жүргізеді.
Тергеу іс-шаралары аяқталғанға дейін және құзыретті органдар процестік шешім қабылдағанға дейін компания қосымша түсініктемелер беруден бас тартады", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін аталған тұлғаның ұсталғаны туралы ақпарат Polites.news сайтында жарияланған еді. Басылымның мәліметінше, директор аса ірі мөлшерде – 110 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2383299-qtzh-almaty-vagon-paidalanu-deposynyng-direktory-ustalganyna-qatysty-malimdeme-zhasady/