Атыраудағы бүтін бір отбасының өлімі: сотта ерлі-зайыпты көмілген жерден кадрлар көрсетілді
Жарияланған күні:
Атырау облысындағы бүтін бір отбасының өліміне қатысты іс жалғасып жатыр. Алқабилерге мәйіттер табылған жерден түсірілген бейнежазбалар, мүрдеханадағы кадрлар, Индонезиядан оралғаннан кейін Ақбаян Мұқанғалиевадан жауап алу барысы, сондай-ақ марқұмдардың есепшоттарындағы ақша қозғалысына қатысты материалдар көрсетілді, деп хабарлайды "Ақ Жайық".
Түстен кейін сот бейнематериалдарды зерттеуді жалғастырды.
Алдымен Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиевтың былтыр 9 желтоқсанда "Қапланбек" автобекетінен өткенде құжаттарды тексеру сәті түсірілген видеосы қаралды.
Одан соң Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның өз аулаларындағы сарайдың едені астынанан мүрделерін шығарып алу кезінде түсірілген видеоларды қарау жалғасты.
Тергеу материалына сәйкес, шұңқыр ұзындығы 2,30 метр, ені 85 см етіп, қабырғадан 1,5 метр қашықта қазылған. 1 метр тереңдікте табылған Мақсот Қарабалинның үстінде көк түсті жүннен тоқылған жилет, қою көк түсті тор көзді жейде, қою көк түсті трико, аяғында шұлығы болған. Нәсіп Өтешқалиеваның үстінде қою көк түсті халат болған. Екі құлағында алтын сырғасы болған.
Одан соң келесі видеода сот-медицина сарапшысының мүрделердің үстінде болған басқа да киімдері мен заттарын визуалды қарау кезінде түсірілген видео көрсетілді. Кейінгі видеода мүрделер визуалды түрде тексерілді. Видеода мүрделердің денесінің көгерген, қанталаған іздері көрінді. Сарапшы қараған өлі дененің бір бөлігі шіри бастағанын айтты.
Мүрделердің видеосын қарау барысында жәбірленуші тарап видео қарау ауыр екенін, шыдай алмай отырғанын білдіріп, қарай алмайтынын айтты. Судья Зарема Хамидуллина видеоларды қарауды тоқтатпады. Тек "қарамаңыз” деді.
Келесі видео 2 қаңтарда облыстық мүрдеханада түсірілген. Мүрдені тануға марқұм Қарабалиннің қарындасы, қазір жәбірленуші болып қатысып отырған Әдемі Жалмағамбетова кірген.
Кейін марқұмдардың есепшоттарындағы ақша қозғалысына қатысты материалдар қаралды. Алқабилерге "Qazpost" АҚ арқылы ақша шешіп алу сәттері түсірілген бейнежазбалар көрсетілді. Сондай-ақ фигуранттардың Шымкент вокзалынан өтіп, "Halyk Bank" АҚ бөлімшесіне барған кадрлары қаралды.
Еске салайық, бұған дейін да айыптау актісінде айтылғандай, Н.Өтешкалиеваның "Qazpost" АҚ-ғы есепшотынан былтыр 10 қарашада "Yandex.eda" қосымшасына төлеу арқылы 12 669 теңге, 14 қарашада 38 000 теңге, 16 қарашада 33 914 теңге, 8 желтоқсанда "Halyk Bank" АҚ-ғы есепшотынан 84 318 теңге ақша қаражатын заңсыз иемденіп, өз қажеттілігіне жұмсағаны айтылды.
Мақсот Карабалиннің "Qazpost" АҚ-ғы есепшотынан былтыр 14 қарашада 121 000 теңге және "Halyk Bank" АҚ-ғы есепшотынан былтыр 8 желтоқсанда 96 569 теңге ақша алынған.
Сондай-ақ тергеу нұсқасы бойынша Мейрамгүл Қарабалинаның "Qazpost" АҚ-ғы есепшотынан былтыр 13 қарашада 120 000 теңге, 14 қарашада 21 000 теңге және "Halyk Bank" АҚ-ғы есепшотынан 74 428 теңге шығарып алып, өз қажетіне жұмсаған.
Сонымен қатар бұған дейін айыптау актісінде Наурыз Мұқанғалиевтің маркасы "Samsung A21" ұялы телефонын қолданып, оның "Kaspi.kz" қосымшасын пайдалана отырып, 4,5 млн теңгеден астам материалдық шығын келтіргені де айтылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2384640-atyraudagy-butin-bir-otbasynyng-olimi-sotta-erli-zaiypty-komilgen-zherden-tusirilgen-kadrlar-korsetildi/