Ақтауда коррекция орталығында мүгедектігі бар бала терезеден құлаған: ол ауруханада көз жұмды
Жарияланған күні:
Ақтауда коррекция орталығының үшінші қабатынан құлап кеткен мүгедектігі бар сегіз жасар бала екі айдан кейін ауруханада көз жұмды. Қайғылы жағдайдан соң орталық өз жұмысын тоқтатқан. Марқұмның туыстары оқиғаға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қайғылы оқиға 27 наурызда қаладағы балабақшалардың бірінде болған. Марқұмның нағашы атасының сөзінше, коррекция орталығы балабақшаның үшінші қабатын жалға алып жұмыс істеп келген.
Сегіз жасар марқұм тәрбиеленуші балабақшаның үшінші қабатынан құлаған. Нағашы атасының айтуынша, сол күні коррекция орталығының бір қызметкері жұмыстан сұранып кетіпті. Ал екінші қызметкер балаларды бөлмелерге бөліп, тәрбиелеген. Сол сәтте бөлменің терезесінен шар ұшып шығып, сол шарды ұстап алуға ұмтылған Нұрәли терезеден құлап кеткен. Ауруханаға дереу жеткізілген баланың мұрны мен қолы сынып, іш құрылысы зақымданған.
Ауыр жарақаттармен жансақтау бөліміне түскен бала бір ай бойы облыстық ауруханадағы дәрігерлердің бақылауында болыпты. Кейін дәрігерлер баланы саниавиация көмегімен Алматы қаласына алып кетіп, сонда оған бесінші мәрте ота жасалып, ұйқы безін алып тастауға тура келген. Алайда соңғы отадан соң бала да көп ұзамай қайтыс болды.
"Барған кездерде айтып жүрдім: "мына сіздердің электр сымдарың шығып жатыр, терезелерінде тор жоқ". Сосын үшінші қабатта да балалар жүруге болмайтын шығар деп ойлаймын. Мүгедек балалар немесе жағдайы ауыр балалар. Талабым - енді сол іс дұрыс қаралса екен. Кінәлі адамдар жауапқа тартылсын. Себебі, мұндай жағдай ертең тағы қайталанбасын", - дейді баланың нағашы атасы Мақсат Дәулетов.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Балабақша әкімшілігінің айтуынша, коррекция орталығы ғимараттың үшінші қабатын төрт ай бойы жалға алып жұмыс істеген. Ал өңірлік бала құқықтары бойынша уәкілдің айтуынша, осындай қаладағы коррекция орталықтарын тексеруден өткізіп, бақылау болуы қажет.
"Қауіпсіздік мәселелері қарастырылмаған. Терезесіне темір тор қондырылмаған. Балалар деген қараусыз қалған, осындай жағдай болып тұр. "Бойтұмар" балабақшасы жекеменшік балабақша болғандықтан, өзі ешқандай бір келісімшартқа отырмай, ешқандай бір өзара құжат жасақтамай, үшінші қабатта тұрған бөлмелерін коррекция орталығына беруі – заңсыз. Негізгі жалға беруге құқығы бар, бірақ ресми құжаттары жасақталмаған", - дейді Маңғыстау облысы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Тілектес Аманқосқызы.
Дәрігерлер өмірін сақтап қалу үшін екі ай бойы күрескенімен, барлық әрекет нәтижесіз болып, Нұрәлі көз жұмды. Оның шала туылуына байланысты құлағы естімеген, III топтағы мүгедек болыпты. Ал марқұмның туыстары кәнілі тұлғалар анықталып, тиісті жазасын алуын талап етіп отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2385924-aqtauda-korrektsiia-ortalygynda-mugedektigi-bar-bala-terezeden-qulagan-ol-auruhanada-koz-zhumdy/