Елордада 500 шақты адам темекі тұқылы мен шемішке қабығын тастағаны үшін жауапқа тартылды
Жарияланған күні:
Астанада қоғамдық орындарды ластағаны үшін 500-ге жуық қала тұрғыны жауапқа тартылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Қала әкімдігі өкілдері күн жылынғалы бері елордада қоғамдық орындарды ластау жағдайы жиілей түскенін айтады.
Көлік тұрақтарында, көпқабатты үйлердің аулаларында, гүлзарлар мен саябақтарда тұрғындар темекі тұқылдарын, күнбағыс дәнінің қабықтарын, қаптамалар мен басқа да тұрмыстық қалдықтарды жиі тастайды.
Қалалық полиция департаменті мұндай әрекеттер тек қаланың келбетін бұзып қана қоймай, заңнама бұзушылық болып саналатынын еске салады.
"Қоғамдық орындарды ластау әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Заңда көзделген жағдайларға сәйкес құқық бұзушыларға айыппұл салу, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.
Құқық бұзушылық фактілерін полиция қызметкерлері патрульдеу барысында да, қалалық бейнебақылау жүйелері арқылы да анықтап жатыр. Камералар рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастау жағдайларын тіркеп, құқық бұзушыларды анықтауға және жауапқа тартуға мүмкіндік береді", - делінген әкімдік хабарламасында.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны үшін шамамен 500 тұрғын жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар абаттандыру ережелерін бұзудың 23 мыңнан астам дерегі анықталған.
Полиция өкілдері тазалық сақтау күнделікті әдетке айналуы тиіс екенін атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2387769-elordada-500-shaqty-adam-temeki-tuqyly-men-shemishke-qabygyn-tastagany-ushin-zhauapqa-tartyldy/