Алматы облысында суши мен пицца жеген 65 адам жедел жәрдем шақыртқан
Жарияланған күні:
Алматы облысында фастфуд жеген тұрғындар жаппай уланып ауруханаға түсті. Олар дәмханадан суши мен пицца алдырған. Қызуы көтеріліп, жүрегі айныған 65 адам, көп ұзамай, жедел жәрдем шақыртады. Қазір жартысынан астамы ауруханада жатыр. Ал осы оқиғадан кейін дәмхана уақытша жұмысын тоқтатқан, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Суши, пицца және чикен дайындайтын бұл дәмхана боралдайлықтар арасында аса танымал. Кеше осы жерден фастфудқа тапсырыс бергендердің жүрегі айнып, дене қызуы көтерілген. Жедел жәрдем шақырған 65 науқастың басым бөлігі — жасөспірім. Қазір 36 адам ауруханада емделіп жатыр. Ал қалғаны үйінен емделіп жатыр.
"Боралдай кентіндегі аудандық қабылдау бөліміне тамақтан улану белгілерімен науқастар жүгінген. Барлығы Sushi Time дәмханасында болып, суши, пицца және басқа да тағам тұтынған. Науқастардың жағдайы тұрақты. Ауыр немесе өте ауыр жағдай тіркелген жоқ. Оқиға орнында эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде", - дейді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Серікбаева.
Ал дәмхана иесі бұл жағдайдың себебін "өзім де түсіне алар емеспін" дейді. Сөзіне сенсек, тағам тек жаңа әкелінген өнімдерден дайындалады. Қазір басы бәлеге қалған кәсіпкер ішкі тексеріске кірісіпті. Ал зардап шеккендерге көмектесіп жатырмыз дейді. Санитар мамандар дәмханадағы азық-түліктен сынама алады. Мұндағы қызметкерлер медициналық тексеруден де өтеді. Зерттеу қорытындысы полицияға жолданып, қылмыстық құқық бұзушылықтың бар-жоғы анықталмақ.
"Іле ауданы санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасы обьектіде тексеру жүргізеді. Зертхана зерттеуіне тамақ өнімі және шикізат сынамаларын, шайындыларды және қызметкерлерді кенет тексеру жүргізуде. Болған жағдайдың себептері туралы мәлімет тексеру аяқталғаннан кейін және зертхана зерттеулерінің нәтижесі алынғаннан кейін жасалады", - дейді Іле ауданы санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасының басшысы Мүслім Сағадиев.
Қорытынды бір апта ішінде дайын болады, дейді мамандар.
Анықталған заң бұзушылықтың ауырлығына қарай дәмхананың қызметі уақытша тоқтатылуы немесе мүлдем жабылуы мүмкін.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2389825-almaty-oblysynda-sushi-men-pitstsa-zhegen-65-adam-zhedel-zhardem-shaqyrtqan/