Алматы облысында ағаш кесіп жатқан екі жұмысшы биіктен құлады
Жарияланған күні:
Алматы облысы Өтеген батыр ауылында ағаш кесіп жатқан кезде техника кенет істен шығып, екі жұмысшы биіктен құлады. Ал тұрғындар ескірген техниканың қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін айтып, жасыл желектің жаппай кесілуіне де алаңдаулы. Ауылдық округ әкімі аталған жайтқа пікір білдірді, деп жазады КТК телеарнасы.
Тұрғындадың айтуынша, 60 жылдардан бері күтім көрмеген ағаштарды кесу жұмысы ескертусіз басталған. Артынша ескі техникамен жұмыс істеп жатқан екі жұмысшы зардап шеккен. Олар биіктіктен құлап, бірін көтергіш құрылғы басып қалған көрінеді.
"Кешеден бері кесіп жатыр, ешқандай знак көріп тұрған жоқпын, что мына жерде жүруге болмайды машинаға, балаларға, терек кесіп жатырмыз деген знактары да жоқ", - дейді қала тұрғыны Венера Сұлтанова.
Сонымен бірге тұрғындар құлаған жұмысшылардың жағдайы бастапқыда ауыр болғанын айтады.
"Техника кенеттен бүктеліп, істен шықты да жұмысшылар ұшып түсті. Бірі аяғын тізеден бүге алмай, ауыр жағдайда жатты. Екіншісі етпетінен құлап, өңі қудай, қайта-қайта су сұрады. Ағаштарды кесу кезінде сақтандыру, қауіпсіздік шараларының ешқайсысы болмады", - дейді қала тұрғыны Александра Бакшутова.
Оқиға салдарынан 2005 және 2002 жылғы екі жұмысшы түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігер олардың тым ауыр халде түскенін айтты.
"Бір пациент жансақтау бөліміне, екіншісі жарақат бөліміне жатқызылды. Жағдайлары ауыр халде келіп түскен. Қазіргі таңда жағдай бірқалыпты жақсаруда. Қосарланған жарақат, яғни бас ми жарақаты, бас миінің шайқалуы, кеуде торының жабық жарақаты, жамбас сүйектерінің жабық сынығы және де көптеген соғылған жарақаттармен келіп түсті", - дейді травматолог Болат Әбдукаримов.
Әкімдік мердігер компаниямен шарт жасасқанда бәрі ойдағыдай болғанын айтады. Болған жайтқа, сақтандыру, қауіпсіздік мәселесінің бәріне компания жауапты дейді.
"Біз оған сіздің техникаңыз ескі деп, сіздің техникаңыз жаңа деп, біз оларға талап қоя алмаймыз. Себебі толыққанды жұмыс істеп тұрған техника, техника болғаннан кейін ол жұмысын жүргізіп жатыр", - дейді Өтеген батыр ауылдық округінің әкімі Төлеген Омарова.
Жұмыстың 90 пайызы аяқталған. Әкімдік оқиғаға қатысты полиция тексеріс жүргізіп жатқанын, қылмыстық іс қозғалмаған жағдайда мердігер компаниямен жұмысты жалғастыра беретіндерін жеткізді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2389849-almaty-oblysynda-agash-kesip-zhatqan-eki-zhumysshy-biikten-qulady/