"Бетімді жауып үлгердім": Щучинск кафесіндегі жарылыстан аман қалған адам сотта оқиға туралы айтты
Жарияланған күні:
Щучинск қаласында дәмханадағы жарылысқа қатысты іс бойынша сот процесі басталды. Алғашқы сот отырысында жәбірленуші тарап тыңдалды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарна мәліметінше, қайғылы оқиғаға қатысты айыпталушылардың бірі – "Центр плова" дәмханасының 39 жастағы иесі. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін автогаз құю станциясының директоры да жауап беруде.
Айыпталып жатқан үшінші адам – баллон жеткізуші үй қамаққа алынған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді.
Дәмхана иесі болған жайтқа қатысты түсініктемесін кейінірек толық айтып беруге рұқсат сұрады.
Алғашқы сот отырысында жәбірленушілер көзіне жас алып, өткенді еске алды.
"Қазір жағдайым жақсы. Қолым жазылып келеді. Соттан әділ шешім күтеміз. Өрт болмастан, 20 минут бұрын тамақтануға келген едік. Тамаққа тапсырыс беріп отырдық. Өрт болғанда тек көзім мен бетімді жауып үлгердім. Басқа ештеңе есімде жоқ. Ауруханада 35 күн жаттым. Оның бәрін есіме алғым келмейді", - деді жәбірленуші Сайлау Рахымжанов.
Прокурордың айтуынша, жарылыс газ баллондарын толтыру мен қолдану талапқа сай жүргізілмегендіктен болды.
"Х.М. өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға жауапты тұлға бола тұра, оларды бұзды. Яғни абайсызда ауыр зардаптарға, адам денсаулығына ауыр зиян келуіне және екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқты деген айып тағылуда. В. Д. мен Ж. С. тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін қызметтерді көрсету, яғни абайсызда екі немесе одан да көп адамның денсаулығына зиян келуіне, сондай-ақ адам өліміне әкеп соқтырған қылмысты жасады", - деді прокурор Елена Сайлаубекова сот отырысында.
Айта кетейік, биыл ақпанда Щучинск қаласындағы дәмханада жарылыс болып, іштен 50 литрлік бес газ баллоны шығарылған. 28 адам зардап шегіп, 12-сі қайтыс болды. Оның көбі – кафе қызметкерлері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2393029-shuchinsk-damhanasynda-birneshe-adamnyng-omirin-qigan-zharylys-zhabirlenushiler-sotta-oqiga-turaly-aitty/