Атыраудағы бір отбасының өлімі: сотта Сәрсемәлиевке қатысты жаңа деректер айтылды
Жарияланған күні:
Атыраудағы атышулы іске қатысты сотта сотталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің әйелінің көзіне шөп салып, өзге әйелмен жүріс жасағаны айтылды. Опасыздығын біліп қалған Ақбаян Мұқанғалиева ата-анасы мен туыстарына айтып, ажырасуға арыз беріпті. Бүгін сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сөз алып, өзгеріс енгізілген айыптау актісін оқып берді, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Мемлекеттік айыптаушы Майра Ержанова жаңа айыптау актісінде сотталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің жантүршігерлік қылмысқа баруының басты себебін ашып айтты. 2022 жылдың жазында күйеуінің көзіне шөп салғанын білген бойда Ақбаян әкесі Мақсот Қарабалинді шақырып, балаларын алып кетіп қалған. Сол жағдайдан соң қайын жұртына деген ашу мен ыза пайда болыпты.
"Араларында туындаған опасыздық, келіспеушілік салдарынан Мұқанғалиев Махамбет аудандық сотына заңды түрде арыз беріп, 2022 жылы Махамбет аудандық сотының шешімімен Сәрсемәлиевпен Мұқанғалиев арасындағы заңды неке бұзылған. Сол кезден бастап Мұқанғалиеваның ата-анасы Қарабалин мен Өтешқалиеваға Сәрсемәлиевтің ашуы пайда болған", - деді мемлекеттік айыптаушы Майра Ержанова.
2022 жылы Ақбаян Махамбет аудандық сотына ажырасуға талап арыз берген. Сот сол жылдың шілде айында қанағаттандырған. Ол кезде Ақбаянның ақыл-есі сау болған. Сәрсемалиев те әйелінің үстінен жүріс жасағанын мойындап, онысын әйелінің туыстарына айтқанына реніш білдірген. Бұл туралы судья айтты.
"Берген түсінігінде талап қоюдағы уәждерін түсіндіріп, жауапкерге деген ешқандай сезімінің қалмағандығын, өзіне опасыздық жасаған әрекетіне жиіркенетінін, онымен бір отбасы, ерлі-зайыпты болып тұрғысы келмейтінін, татуласуға берілген мерзім нәтижесіз болғанын айтып, некені бұзу туралы талабын қанағаттандыруды сұрады. Жауапкер Сәрсемалиев бірінші сот отырысына қашықтықтан қатысып, опасыздық жасаған әрекетін ағайын-тумаға жария етпей, зайыбының құпия сақтауға болатынын, алайда олай жасамағанын, әйел ретінде қатып қалған ұстанымы барын, өзімен санаспайтынын, онымен тіл табысып, отбасы болып тұра алмайтыын айтып, некені бұзуды сұрады", - деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина.
Жәбірленуші тарап адвокаты бұл құжатты қылмыстық іс материалына тіркеуді сұрады.
"Сот процесінде мойындаған жоқ. Алайда айыптау актісі жарияланып, осы Сәрсемалиевтің іс-әрекетінің барлығы опасыздық жасауынан басталып отыр ғой. Сондықтан бүгінгі таңда сот процесіне Махамбет аудандық сотының 2022 жылы шешімін сұратқан болатынбыз және оны іс материалдарына тіркеуді сұрадық. Біріншіден, Ақбаянның сол кезде есі дұрыс болған. Неке бұзуға өз еркімен арыз жазған", - деді жәбірленушілердің адвокаты Шынар Нұрмұратқызы.
Мемлекеттік айыптаушы ұсынған жаңа айыптау актісінде бірнеше өзгеріс бар. Мәселен Сәрсемалиев Қарабалин мен Өтешқалиеваға қатысты қылмысқа бұрын жасаған қылмысты, яғни Наурызды өлтіргенін жасыру үшін барды деген айып тағылды. Сондай-ақ "Мал ұрлығы" және "интернет алаяқтық" бабы қосылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2394655-atyraudagy-bir-otbasynyng-olimi-sotta-sarsemalievke-qatysty-zhanga-derekter-aityldy/