Түркістанда белгісіз біреу журналистің көлігін ұрап әкеткен
Жарияланған күні:
Түркістан қаласында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз айдап әкетілген автокөлікті бірнеше сағат ішінде тауып, күдіктіні анықтады. Көлік иесі полицейлердің жедел әрі кәсіби жұмысына алғысын білдірді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына журналист жүгініп, жұмыс орнының алдында тұрған өзіне тиесілі автокөлікті белгісіз біреу заңсыз айдап кеткені туралы арызданды.
Аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оқиға орны мұқият тексеріліп, қаладағы бейнебақылау камераларының жазбалары зерделенді. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде автокөлікті заңсыз айдап кеткен күдікті бірнеше сағат ішінде анықталды.
Күдікті Түркістан қаласының жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта автокөлік айғақты зат ретінде тәркіленіп, арнайы айып тұрағына қойылды. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.
Көлік иесі полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі жедел әрекетіне ризашылығын білдірді.
"Полиция қызметкерлерінің кәсіби жұмысына шынайы алғысымды білдіремін. Олардың жедел әрекетінің арқасында автокөлігім аз уақыттың ішінде табылды. Осы орайда Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровқа және іздестіруге қатысқан барлық қызметкерлерге ерекше ризашылығымды жеткіземін", – деді Айгерім Айтаханова.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2397343-turkistanda-belgisiz-bireu-zhurnalisting-koligin-urap-aketken/