Қазақстанда жанар-жағармайды заңсыз шекара асырудың жүздеген фактісі анықталды
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрлігі мемлекеттік шекараны кесіп өтетін көлік құралдарын тексеруден өткізіп жатыр. Полиция жыл басынан бері қосымша отын бактарын заңсыз орнатқан көлік құралдарын пайдалану арқылы жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 255 фактісін анықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі қосымша отын бактарымен заңсыз жабдықталған көлік құралдарын пайдалану арқылы жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкету фактілерінің жолын кесуде.
Бақылауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу пункттерінің маңында 59 полиция бекетінің жұмысы ұйымдастырылған.
Онда полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мемлекеттік шекараны кесіп өтетін көлік құралдарын тексеруден өткізіп жатыр.
"Жыл басынан бері қосымша отын бактары заңсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын пайдалану бойынша 255 құқық бұзушылық фактісі анықталды. Құқық бұзушылардың барлығы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жауапкершілікке тартылғандардың ішінде 195 шетел азаматы және Қазақстан Республикасының 60 азаматы бар", - делінген басылым хабарламасында.
Заңсыз орнатылған қосымша отын бактары бөлшектелгеннен кейін көлік құралдары иелеріне қайтарылған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2397577-qazaqstanda-zhanar-zhagarmaidy-zangsyz-shekara-asyrudyng-zhuzdegen-faktisi-anyqtaldy/