Астана маңында анасын және үш адамды өлтірген адам түрмеге тоғытылмайтын болды
Жарияланған күні:
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты биыл 2 наурызда Жібек Жолы ауылында болған ауыр қылмысқы қатысты істі қарады. Сотта айыпталушының қылмыс жасағаны дәлелденді және оған психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасы тағайындады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы Ақмола соттары хабарлады.
Оқиға 2026 жылы 2 наурызда болған. Сот алдына келген айыпталушы анасының үйінде ұялы телефонның істен шығуына байланысты жиенімен жанжалдасқан. Жиені "102" нөміріне қоңырау шалып, полиция қызметкерлерін шақырған. Алайда отбасылық жанжал реттеліп, айыпталушының анасы полиция қызметкерлерінн ерте шақырылғанын алға тартып, ұлына шара қолданбауды өтінген.
Полиция қызметкерлері кеткеннен кейін, ер адам болған жайтқа ашуланып, ас үй балта-пышағымен үйдегі адамдарға бірнеше рет соққы жасаған. Салдарынан үш зейнеткер: анасы, қонаққа келген екі егде жастағы адам, сонымен бірге жиені оқиға орнында көз жұмған.
Сотта ұсынылған мәліметтерге сай, айыпталушы бұрын сотталған, 2016 жылы оған бас бостандығын шектеу тағайындалып, қоғамдық жұмыстарға тартылған. Сондай-ақ 2022 жылы оған қатысты психиатриялық ауруханада мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылғаны да анықталған. 2023 жылдан бері ол "параноидты шизофрения" диагнозымен психиатрдың есебінде тұрған.
Қазіргі уақытта айыпталушы Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан қарқынды бақылауы бар Республикалық психиатриялық ауруханада қатаң оқшаулау жағдайында ем қабылдап жатыр.
Сараптама қорытындысына сәйкес, айыпталушы "параноидты шизофрения" түріндегі созылмалы психикалық дертке шалдыққан. Қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасаған кезде ол созылмалы психикалық бұзылыс жағдайында болған, тергеу әрекеттеріне қатыса алмайды және сот алдында жауап беруге қабілетсіз.
"Г.-ның қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасағаны оқиға болған жерді қарау хаттамасы, төрт адамның мәйіті табылуы, телефон хабарламалары аудиожазбалары және іс бойынша өзге де материалдар арқылы дәлелденді.
Сот қаулысымен Г. Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1),5) тармақтарында көзделген қоғамға қауіпті іс-әрекетті есі дұрыс емес күйде жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған қарқынды бақылауы бар мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасы тағайындалды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2398277-astana-mangynda-anasyn-zhane-ush-adamdy-oltirgen-adam-turmege-togytylmaityn-boldy/