Қонақүйде босанып, суға ағызып жіберген: Астанада күдікті әйел ұсталды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Астанада қонақүйде босанып, шақалақты кәріз құбырына ағызып жіберді деген 29 жастағы күдікті әйел ұсталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана тұрғындары үйлерінің маңындағы кәріз жүйесінен нәрестенің денесін тауып алғаны хабарланған еді. Олар әйел тұрғын үйдің жанындағы қонақүйде босанған деп болжайды. Полиция тергеу басталғанын мәлімдеген еді.
Бүгін Астана қалалық полиция департаментінің өкілдері NUR.KZ тілшісіне елордадағы қонақүйлердің бірінде нәресте шаранасының табылғанын хабарлады. Бұл дерек бойынша күдікті 29 жастағы әйел ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция мәліметінше, жыл басынан аталған қонақүйден 102 арнасына 19 хабарлама түскен. Тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Аталған құқық бұзушылықтардың анықталуына байланысты қонақүй иесіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізілді", - деп мәлімдеді Астана ПД өкілдері.
Тәртіп сақшылары бұл аумақ учаскелік полиция инспекторларының тұрақты бақылауында екенін айтты.
"Құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп келеді, тексерулер жүргізіледі, сондай-ақ қонақүй әкімшілігімен және онда тұратын азаматтармен профилактикалық әңгімелер өткізіледі. Барлық қажетті шаралар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес қабылдануда", - деп мәлімдеді Астана ПД баспасөз қызметінің өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2400365-qonaquide-bosanyp-suga-agyzyp-zhibergen-astanada-kudikti-aiel-ustaldy/