Атырау тұрғыны балабақшада баласы жәбір көргенін мәлімдеді: оқиғаға қатысты тың мәлімет шықты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Атыраудағы балабақшада түсірілген видео бір жасар баланың ата-анасын шошытқан – анасы баласының қорлық көргенін мәлімдеді. Әйел оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алдымен отбасы баланың денесіндегі көгерген іздерді байқап, кейін бейнебақылау камераларындағы жазбаны сұратқан.
"Таңғы тоғыздан түскі он екі жарымға дейін ол балама жәбір көрсетті. Қолынан ұстап сүйреді. Жарты сағатқа жуық онымен дәретханада болды, ал ол жерде камера жоқ. Басын қабырғаға ұрды ма, жоқ па, білмеймін. Сосын сәбиімді қолтығынан ұстап, сілкілеп, бір бөлмеден екіншісіне сүйреп, еденге лақтырып жіберді. Ол әлі кішкентай, қорғансыз ғой", - деді бір жасар сәбидің анасы.
Болжам бойынша, сәби ұйықтай алмаған.
Ата-анасының айтуынша, сондай-ақ олар баланың беті мен құлағы қызарғанын байқаған.
Қазіргі таңда жақындары тәрбиешіні де, жекеменшік балабақша басшылығын да жауапқа тартуды талап етуде.
Ата-анасы баланы бұл жерге небәрі бір апта бұрын ғана бергендерін айтады.
Балабақша әкімшілігі болған жайтты ата-анамен бірге жазбаларды көргеннен кейін ғана білгенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұған дейін тәрбиешінің мұндай әрекеті байқалмаған. Қазір ол жұмыстан шеттетілді.
Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады.
Дереккөз: КТК
Бұған дейін Атыраудағы жекеменшік балабақшада шу шыққанын жазған едік. Онда бір жасар баланың анасы баласының жәбір көргенін мәлімдеген.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2409578-atyrau-turgyny-balabaqshada-balasy-zhabir-korgenin-malimdedi-oqigaga-qatysty-tyng-malimet-shyqty/
